Главная » Файлы » Мой урок

Абаймен кемел білімге (әдеби кеш)
[ · Скачать удаленно () ] 23.12.2014, 18:32
Абаймен кемел білімге
(әдеби кеш)
(Фанфар ойнатылады)

– Армысыңдар,ақын ұрпақтары
Қабыл ал босағанды жыр аттады.
Тербеткен Абай әні бесігінде
Әрқайсын бір-бір бұлбұл бұтақтағы

Қайырлы күн, құрметті ұстаздар мен оқушылар.
Қадірлі өнер сүйер қауым.
Бүгін мектебімізде халқымыздың перзенті, қазақ халқының ұлы ақыны, ойшылы, данышпаны Абай Құнанбайұлына арналған «Абаймен кемел білімге» атты әдеби кешке қош келіпсіздер.
Мұндағы мақсатымыз Абай өлеңдері мен қара сөздерін болашақ жас ұрпаққа үлгі өнегесін насихаттау.

Шын хакім, сөзің асыл баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес.
Қарадан хәкім болған сендей жанның,
Әлемнің құлағынан әні кетпес.

Қадірлі жыр сүйер қауым.
Ұлы Абай тағылымдарымен толығып, кемелденейік. Абайша сабырмен, ақылмен іс қылайық. Абай өнегесі әрдайым көз алдымызда болғай. Қай ісіміз де Абай армандаған биіктен көріне берсін!
Жүргізуші сөзі: (Бейнефильм көрсетіледі)
Абайдың дүниеге келуі турасында ел аузынан жеткен ең көне әңгімелердің бірі - Абай туарда әкесі Құнанбайдың түс көруі.
Құнанбайдың түсіне 18 ғасырда өмір сүрген Тобықты руынан шыққан, қазақтың кемеңгер биі Әнет баба кіріп, «Ибрахим» деп қана пайғамбардың атын атап, аян беріп, ғайып болады. Осы түстен көп ұзамай, Құнанбайдың әйелі Ұлжанның босанғаны жайында хабар келеді. Көрген түсін ырым көрген Құнанбай азан шақырып, жас нәрестеге «Ибрахим» есімін бергізеді.
Көрініс: «Абайдың дүниеге келуі»

Жүргізуші сөзі: (слайд көрсетіледі)
Абайдың дүниеге келуі қазақ арасында ислам дінінің кең қанат жаюымен тұспа-тұс келді. Ол тұс жаңа туған нәрестеге арабша ат қоюдың белең алған кезі еді. Бірақ жат тілден енген бөгде есімдерге тілдері келмеген, яки діни есімдерді қастерлі санап, мұсылмандық
атауларды баттида атауды бейәдеп санаған қазақ әйелдері сәбилеріне жұртқа ұғымды, құлаққа жылы естілетін, қазақы есімдерді өздері тауып, қойып алушы еді.

Көрініс: Зере мен Абай
Жүргізуші: (слайд көрсетіледі)
Құнанбайдың бәйбішесі Күңкеден кейін, әмеңгерлік жолмен алған әйелі Ұлжан сабырлы, ақылды, дана әйелдің санатынан еді. Құнанбай қойған Ибрахим аты Зере мен Ұлжан сияқты парасатты аналардың арқасында ел ішіне Абай болып жайылды. Бұрын-соңды қазақ арасына ешкімге қойылмаған, осынау ұлы есімнің болашақ данышпанға тұңғыш рет берілуінде тылсым сыр бардай. Осылайша дүниеге сол уақытта басынан түрлі аласапыран, қым-қуыт, алмағайып заман кешкен қазақ қоғамының іші-сыртын жегідей жеген, әртүрлі рухани әлеуметтік кеселдердің Абай болуды данышпандық тұрғыда ең алғаш ескерткен, сақтандырған Абай келді. Қазақ сахарасында Абай дәуірі басталды.
Жүргізуші сөзі: (туған жері видео)
Абайдың балалық шағы өзі дүниеге келген Қасқабұлақ жотасында өтті. Қасқабұлақ атанған мына бұлақтың суы көктеу мен күзеу мезгілінде Құнанбай ауылы қоныс қылатын, ауылға жиі келетін. Ақын-жыраулардың жыр-дастандары әжесі мен Ұлжанның қоңыр үнмен ықыластана айтатын ертегі, қиссалары сәби Абайдың ұшқыр қиялына қанат бітіріп, балаң ойын шарықтататын.
Ән: Желсіз түнде жарық ай (Аякөз)
Жүргізуші сөзі:
Абай 15 жасқа толғанда әкесі оған қазақтың ұлы билерінің бірі Қаз дауысты Қазыбектің шөбересі Алшынбай бидің Жүсіп деген баласының 17 жасар қызы Ділданы алып берді. Сөйтіп Құнанбай арғын жұртының ең ықпалды руының бірі Қаракесек елімен, жеті атасынан бері билік үзілмеген Қара көк тұқым Қаз дауысты Қазыбек бидің әулетімен құда болысу арқылы соңғы жылдары жалаңаштана бастаған іргесін бекітті. Осылайша Абайдың нағашылары енді оның қайынжұртына айналды.
Әкелер тарапынан жүзеге асырылған құдалық Абайдың жас жүрегіне тағы бір жазылмас жараны салғандай болады. Өйткені оның жас жүрегі бір көргеннен іңкәр болған сүйіктісі Тоғжан деп соғатын. Бірақ Тоғжанды өзінің аяулы жары етуге Абайдың еш мүмкіншілігі қалмаған-ды. Ғашығы Тоғжан ежелгі дала заңымен әлдеқашан басқа біреуге атастырылып қойған еді. Алғашқы көргенде Абайдың Ділданы жатырқауында, оған үйренісе алмауының астарында осынау мұңлы сыр бар еді.
Көрініс: «Абай мен Тоғжан» (Желсіз түнде жарық ай орындалып тұрады)
Ән: «Айттым, сәлем Қаламқас» (Эльмира)
Жүргізуші:
Өмір Абайды ерте есейтті. 15 жасында үйленіп, 16 жасында әке болған Абай 21 жасында болыс болды. Енді ол халықтың мұң-зарын, арман-тілегін өз құлағымен естіп, өз көзімен көретін болды. Халық өмірімен әдет-ғұрпын жетік білетін, оның үстіне шығыс пен батыс ілімінен де мол хабардар зиялы Абай дау шарларда ескі билерді оңай тосылдырып, өзінің жаңа заманның басы екенін анық танытып үлгерді. «Баласының басқа шауып, төске өрлеп» бара жатқаны Құнанбайды ойландырмай қоймады.
Көрініс: «Құнанбай мен Абай»

Жүргізуші:
Жасынан соқтықпалы, соқпақсыз жерде өсіп, өзі айтқандай мыңмен жалғыз алысқан Абайдың ұлы өкініштерінің бірі – ғылымға қолын кеш сермегені. Озбырлық пен әділетсіздікпен алысам деп жүріп, оқу білімнен шеттеу қалғаны. Өкініштісі өлеңдерін ерте 9 жасынан шығара бастаған ақынның 40 жасқа дейінгі жазған өлеңдерінің көбісі сақталмаған. Әркімнің қолында жүріп жоғалып кеткендігі. 1870 жылдың ерте шенінен бастап Абай айналасында үлкен өнерпаздық мектеп ақындық орта қалыптаса бастады.
Өлеңдері:
1. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» ( Жазира )
2. «Қалың елім, қазағым қайран жұртым» ( Сүндетова Ақшолпан )
3. «Қансонарда бүркітші шығады аңға» (Еңлік)
4. «Сабырсыз, арсыз еріншек» (Асылбек)
5. «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» (Айнұр)
6. «Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап» (Досымжан)
7. «Патша құдай сыйындым» (Айсұлу )
8. «Біреудің кісісі өлсе қаралы ол» (Арайлым)
Абайдың 1 қарасөзі (көрініс)
Ән: «Көзімнің қарасы»
Жүргізуші: Қазақтың төл мәдениетімен шығыс дүниетанымын батыс ілімімен меңгерген Абай енді өз туындыларын дүниеге әкеле бастады. Алғашында оның өлеңдері Көкбай Жанатайұлының атынан тарады. Тек 1886 жылдан бастап Абай өлеңдерін өз атынан жариялай бастады.
1886 жыл Абай өміріндегі ең танымал өткен жыл болды. Дәл осы жыл ақынның ең өнімді еңбек жылы ретінде де тарихта қалды. Аталған жылы ақын 22 өлең жазса, 1888 жылы небәрі 7-еу.Ал 1889 жылы 20 өлең жазды.
Өлеңдері:
1. «Білімдіден шыққан сөз» ( Сымбат )
2. «Тұлпардан тұғыр озбас шабылса да» (Ш.Балнұр)
3. «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» (Шолпан)
4. «Қажымас дос халықта жоқ ( Ерұлан )
5. «Өзгеге көңілім тоярсың» (Ұлдана)
6. «Заман ақыр жастары» ( Жайна )
7. «Көзінен басқа ойы жоқ» (Дамежан)
8. «Жақсылық ұзақ тұрмайды» (Ықылас)
Жүргізуші сөзі:
Абайтанушы Зарқын Тайшыбай өз зерттеуінде былай дейді: «Абайдың екі өлеңі шыққан кезде газеттің бетінде үлкен қозғалыс, сілкініс пайда болады. Ол сілкіністі бастап берген қазақтың көсемі, алаштың көсемі Әлихан Бөкейханұлы. Екінші оған үн қосушы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Сонда Мәшһүр былай деген: «Құнекеңнің жақсы бір баласы осындай өлеңі шығыпты. Ал біз сол Құнекеңнің өлі тірісін білмей жүрміз. Себебі, ас берілмеді деп». Кәдімгідей бұл іштегі қыжыл, наз. Мүмкін әйтпесе, енді сын. Онымен Абай кішірейіп қалмайды, мұнымен Мәшһүр Жүсіп кішірейіп қалмайды. Мұны айтуымыз керек»
Көрініс:

Абайдың қара сөзін оқып көрші,
Беріліп жан тәніңмен көңіл бөлші.
Әрбір сөзінде терең ой бар,
Тереңін сен бақылап ,байқап көрші.
1890-91 жылдары 18 өлеңді дүниеге әкелген ақын қаламы бұдан кейін саябыр тартты. Оның себебі 1890 жылдан бастап, ұлы ойшыл өзінің қарасөздерін жазуға кірісті.
Қарасөздері

1. Ықылас
2. Әлімхан
3.Ұлбике
4.Эльмира
5. Назым
6.Гүлнар
Орыс достары Абайды Пушкин,Лермонтов, Толстой, Достоевскиий, Белинский, Салтыков Шедрин, Добролюбов т.б
Орыс ақын-жазушыларының шығармаларымен таныстырды.Бұл жылдары Семей кітапханасы Абайдың екінші үйіндей болды.Аталған кітапханада ол 19 ғасырдың прогрессивті ойшылдары Брепер,Люц, Миль, Дикенц, Спиноза, Бред,Скот, Спенсер, Дарвин еңбектерімен қауышты.
Аударма (көрініс) «Татьяна мен Онегин»
Жүргізуші:
Атымды адам қойған соң,
Қайтіп надан болайын?
Халқым надан болған соң,
Қайда барып оңайын?
Бұл дүние ісінен тыйылған Абай тек таза шығармашылыққа ден қойды. Ел ішіне тарап кеткен өлеңдерін жината бастады. Өзіне ой еңбегін ғана серік еткен ол, енді бірыңғай ол ғылым ісімен айналысты.
Өлеңдері:
1. «Ауру жүрек ақырын соғады жай» (Алімхан)
2. «Алла деген сөз жеңіл» (Назым)
3. «Жапырағы қуарған ескі үмітпен» (Кәусар)
4. «Өлсе өлер табиғат адам өлмес» (Аякөз)
5. «Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын» (Қалдықыз)
6. «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма» (Сенім)
7. «Адамның кейбір кездері» (Гүлнар)
8. «Абдырахман өліміне» ( Замира )
9. «Мен сәлем жазамын» ( Айгерім )
10. «Жүректе қайрат болмаса» ( Мейірбек )
11. «Осы қымыз қазаққа» ( Қаныбек )

Жүргізуші:
Өмірінің соңында ақын трагедиясы ұлғая түсті. 1904 жылы Абайдың болашағынан мол үміт күттірген баласы Мағауия ауыр науқастан қайтыс болды. Ауыр қайғы, жанын жегідей жеп, улы ой, шер үстіне түсіп кеткен Абайдың тіршілікпен қоштасар сәті жақындай түсті.
Көрініс: «Абайдың дүниеден өтуі»

Жүргізуші:
Осылайша ұлы ақын 1904 жылы 23 маусым күні «Бала шақ» деп аталатын кең қоныс жайлауда дүниеден өтті. Өлерінде айтқан мына бір өлең ең соңғы лебізі болса керек.
Сарыарқаның самалы-ай,
Самалда өскен дүние-ай.
Қорлықта өткен өмір-ай,
Өтті деген осы ма ай!
Жүргізуші сөзі: «Болмасаң да, ұқсап бақ» — дегендей, ақын болуға құлшынысы бар, өлеңнің қадір қасиетін тереңінен ұғынатын артында жас буын өкілдері өсіп келе жатыр. Соларға кезек берелік:
Арнаулары.

Тоты .Ақмерей. Гүлнар.

Жүргізуші сөзі:
Абай өмір бойы сүйіп өткен, тамашалап сүйіп өткен саналы сұлу жар Әйгерім еді. Әйгерім айтқан сөз – бұл өңірде , бұл шаққа дейін Абай жөнінде әлі күнге қазақ баласы айтпаған сөз. Асыл жардың аузымен, халық ұлы Дәрмен Абайға халық атынан үн қатады. Несімен қымбат! Қандай қадірлісі еді халықтың Абай! Оның тілімен зарлы, шерлі аналар жылап еді. Саналы ата, ойлы азамат ой таратып еді. Оның үні мен өрісі бар, үміті бар жас буын жамандықтан жиренгенін, жақсы күнді көксегенін таратып айтып еді. Сол үшін Абай өлген жоқ бүгін.
«Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған!» - деген өзіңсің, Абай аға!
Монолог: Ұлбике
«Алтын терек, арсыға құлаш ұрған ардақты азамат, сен өлмейсің! Еліңнің жалғыз жан, ең соңғы ұыл ма, қызы ма, ең кейінгі нәсілі бірде-бір жан болса, соның да кеудесінде сенің атың бірге кетеді. Сенің тірлігің бірге жасайды, сенің нұрың бірге жарқырайды! ... Алдың жарқын, ө-зің солай сеніп ең ... Ана жұртың сені өлді демейді! Жарық дүниеге жаңа келіп,шырылдап туғаныңда осы Жидебайда, осы Ши-Қорықта сені аялап бауырына алған анаң бар еді. Ол алғашқы жалғыз анаң сені ақ құшағы , адал мейірімен бауырына басқан. Бүгін сені одан да ұлы өлмес анаң, ұмытылмас ұлым деп бауырына алады. Алдағы ұзақ дәурен, жарқын заман сапарына сені жүрегіне баса мәңгіге ала кетпек! Өлім де жеңбес жан бар. Олар аз болса, соның бірі сенсің. Бұл өңірде өткендердің ішінде ол жалғыз болса, соның өзі сенсің!»
Жүргізуші:
Кешімізді Сағынғали Сейітовтың «Кім»-өлеңімен аяқтағым келеді.
Жүрегін шырақ етіп жандырған кім?
Жырымен жан сусынын қандырған кім?
Өзіне өзі орнатып ескерткішті
Мұра ғып кейінгіге қалдырған кім?
Ерте оянып, ойланып ержеткен кім?
Талабын тас қияға өрлеткен кім?
Құба жон, құбақан құм құла қырды
Өлеңнің бесігінде тербеткен кім?

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өскен кім?
Үнінен әділдіктің лебі ескен кім?

Арманын аттандырған келешекке
Біздермен осы күнгі тербеткен кім?
Тайсалмай мыңмен жалғыз алысқан кім?
Өзендей құйған барып көк теңізге
Лермонтов, Пушкиндермен табысқан кім?
Көрікті көңілде жыр, қолда қалам
Өмірдің өріне өрлей басқан қадам
Қазақтың өлеңінің ұлы атасы,
Ол-Абай, Ұлты-қазақ, Аты –Адам.
Абай Әлемін бүкіл дүниеге таратушы кемеңгер Ұлы Мұхтар «Мен Абай тереңінен шөміштеп қана іштім» деген екен. Ал біз Ұлы ғұлама тереңіне бас қойғанымызбен тек қана сол тереңнен дәм таттық қой деп ойлаймын. Сол себептен оқудан , білуге ұмтушылықтан, ізденуден жалықпайық. Абай поэзиясы – сарқылмас бұлақ. Сөз шебері- Абай ата, сізге әрқашан борыштымыз, өсиетіңді нық ұстаймыз – деп «Абаймен кемел білімге» атты Абай Құнанбаевқа арналған кешімізді аяқтаймыз.
Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның алтындығы –
деп ақын Ғ.Қайырбеков жырлағандай, сөзі маржан, үні ән ұстаздардың бар болғанын мақтаныш етемін. Әрине, ұстаз жүгі – ауыр жүк. Ұстаздардың әсерлі үнмен, асықпай мәнерлеп сөйлеген сөзінен әрбір оқушыға деген қамқорлықтың, аналық, әкелік сезімнің дана ойдың ыстық лебі есіп тұрғандай. Иә, адамның жан дүниесін түсініп, ренжітпей, қателігін сездіре білу – бұл нағыз шеберлік емес пе?!
Олай болса мектебіміздің директоры Г.А.Есентаева, Эксперимент алаңының әдіскері Г.Т.Қошқарбаеваға сөз кезегін берелік.
Категория: Мой урок | Добавил: Моти | Теги: Абай
Просмотров: 4471 | Загрузок: 613 | Комментарии: 3 | Рейтинг: 5.0/1
Всего комментариев: 3
3 Шамшат  
Абай дана халқымыздың маңдайына біткен дара тұлға.Абай мұрасы бүкілхалықтық мұра болып табылады!

2 Умит  
Абай мұрасынан сусындаған ұрпақтың келешегі зор!Абай мұрасын тереңінен оқып білу қажет.

1 Шарайна  
Абай-дана,дара қазақта!Абай қоры таусылмас қазына,рухани мол байлық болып табылады.Абайдың шығармашылығын дамыту бүгінгі қоғамның міндеті!

Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]