Главная » Статьи » Уроки музыки

«МУЗЫКАЛЫҚ АСПАПТА ОЙНАУ – ЭСТЕТИКАЛЫҚ ТӘРБИЕНІҢ КӨЗІ»
Әрбір халықтың ардақ тұтар айбыны мен ішкі әлемінің айдыны есепті ешбір нәрсемен алмастыруға болмайтын ұлттың өзімен бірге туындап, біте қайнасып келе жатқан киелі мұрасы бар. Адам жанының ішкі толқынысын, сезім шеруінің көпірін таңғажайып үн, әуен, ырғақпен жеткізе білетін қазақтың қара қобызы мен қоңыр домбырасы, сырлы сыбызғысы арқылы пайда болған күйлерді осындай мұра қатарына жатқызуға болады. Қазақтың арғы тегі мен түп-тұқиянына тереңдегісі келген жанның қай-қайсысы да сірә осы музыка аспаптарына көз тоқтатпай өтпесі қақ. Әсіресе, ұлттың рухани әлемі мен жан сұлулығы, ерлігі мен өрлігі, даралығы мен дарындылығын, дархандығы мен даналығын т.с.с. сан алуан қасиет-қабілетін осылардың үн төкпесінен таниды, сезінеді, тебіренеді, тәрбие көреді.
Жас өспірімдердің музыка әлемін түсініп, қабылдауына, талғампаздығын тәрбиелеуде, эмоциялық сезімталдығын қалыптастыруда, білімді, мәдениетті болып өсуіне музыка тәрбиесінің алатын орны ерекше.
Музыкасыз баланың толық мәніндегі ақыл-ойы мен қиялын тәрбиелеу мүмкін емес. Баланың музыкалық мәдениетінің, эстетикалық талғамының, ұлттық сана-сезім, имандылық қасиетінің қалыптасуында сөздің шамасы келмеген жерде неғұрлым әдемі тіл - музыка.
Баланың бойында музыкалық қабілет жас кезінен басталады. Тіпті балабақшадағы алғашқы күннен-ақ музыка тыңдап, музыканың сүйемелдеуімен ән айтып, би билеуді үйренеді. Сөйтіп мектеп жасына жеткен бала психологиялық түйсіну мен музыканы көз алдына елестетуді біршама меңгеріп шығады. Оның бойында музыкаға деген өзіндік ой саналық және сезімдік тұрғыдағы қарым-қатынас қалыптасады. Сонымен бірге әуен – саз, өлшем – ырғақ жүйесін есту тәжірибесі қалыптасып, есте сақтап қалу қабілеті тез жинақталады. Музыкалық материалды оқытқан кезде музыканың мазмұнын негізге алып, түсінуді, ынта-ықыласты, сезімдік құбылыстарын да соған бағыттау керек.
Музыканы сауатты оқыту әдістемесі тұтас алғанда музыкалық оқытудың міндеттеріне сай болуы керек. Көркемдік талғамы бар, музыканы сүйетін, оны жанымен түсінетін, музыкалық өмірге белсене араласатын білімді адам дайындау әр оқытушының міндеті.
Ғасырлар қойнауында қалыптасқан музыкалық-эстетикалық асыл мұраларды домбыра аспабы жеткізді.
Күй – көне жанр. Оның сан ғасырлық тарихы бар. Қалыптасқан дәстүрлері мен мектептері бар. Күй тілі ана тілімен бірдей. Күй мазмұны халықтың өмір айнасы.
Күй өнерін үйретуде музыкалық материалды таңдай білудің маңызы зор. Өйткені ол шығармалар арқылы балалар өмірдің сан қилы оқиғаларынан мағұлмат алып, музыканың құдыретін терең түсініп, оны өзіне рухани азық етеді.
Ұлттық дәстүр мен салт-сана тағылымын жас жеткіншек бойына дарытып, оның жан жүйесін оятуда, өнерге деген ынтасын арттыруда қазақтың қасиетті де, киелі қара домбырасының атқаратын рөлі ерекше.
Домбыра – қазақтың жаны. Ол тар жол, тайғақ кешу жолдарын бастан өткерген қазақ тарихын парақтауға негіз бола алады. Ұлтымыздың болмысына куә болған әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлеріне жан бітіріп, оның құнды қалпын сақтауға негіз болғанын көреміз.
«Бәйтерек» ағаштан пайда болған әуендер домбыра арқылы құрастырылып, шағын музыкалық үндердiң жиынтығы келе-келе дамып отырған. Оған дәлел: қазақ музыкасында табиғатқа байланысты туған ән мен күй атаулары көптеп саналады. Мысалы: «Сары өзен», «Ертiс толқыны», «Боз төбе», «Қызыл қайың», «Мұңлық-Зарлық», «Тәңiрi күйi», «Аққу», «Құланның тарпуы», «Ақсақ құлан», «Бозiнген», «Шұбар ат», «Тепең көк» т.б. күйлер тегiне лайық туған.
Күй тарту – тарихи аясы кең, тағлымы мол өнер. Тылсым табиғатпен біте қайнасып келген домбырадан төгілген күй мен аңыз қатар жүреді. Аңыз арқауында ақиқат бар. Сол аңыз арқылы домбыраның сүйемелдеуімен балалардың бойында ұлттық рух пен эстетикалық таным қалыптастыру басты міндет болып табылады.
Ұлттық музыка аспабымыздың болашақ жас ұрпаққа дұрыс үйретілуі, саз өнерінің рухани мұра ретінде ел ішінде кең етек алуы жалпы ұлттық мүдде үшін аса қажет, күнделікті қолданыста түрған ұлы мақсат болып табылады. Музыка ұлттық сананың қалыптасуына ықпал жасаумен қатар, жас жеткіншектің сезімталдығына, адамгершілік үрдісіне, рухани ұғымына да зор үлес қосатыны белгілі. Әсіресе, ұлттық саздың, ұлттық аспаптардың, күйші-сазгер, орындаушылардың өнерлері ең басты рухани бағдаршам болғаны керек-ақ.
Жас ұрпаққа музыкалық эстетикалық тәрбие беру сөз бен музыканың бірлігі арқылы жүзеге асып отырады. Оларды негізінен халықтың педагогикалық мазмұны көрініс тапты, эстетикалық, этикалық, педагогикалық идеялары насихатталды.
Бала тәрбиесіндегі негізгі мақсат - өзінің бай тарихи тәжірибесіне сүйене отырып, келер ұрпақты еңбексүйгіштікке, өнерге баулу, Отанын, отбасы, ауыл-аймақ, ар-намысын қорғай білетін, жаны жайсаң, арлы азамат тәрбиелеу болды. Осы мақсатты іске асыру жолында отбасы мүшелерінен бастап, ауыл ақсақалдары, көнекөз қариялар мен ақын, жыршы, жырау, әнші, күйші сияқты өнер адамдарының бәрі белсене қатысатын ұжымдық тәрбие ісін жүргізушілер болып келгені көпке аян. Күй мен домбыраның қасиетін ести жүріп, соларға еліктей отырып, өздері де өнерге үйренеді, музыкалық-эстетикалық және рухани бай болып қалыптасады, сөзге шебер, әнге ұста болуды, суырып салма ақындық өнерін меңгереді.
Қазіргі домбыра үйрену әдістемесі ғасырлар бойы қалыптасқан күй үйрену тәжірибиеснің қағидаларымен тығыз байланысты болу керек. Ең бастысы халық күйшілерінің күй үйрену тәжірибиесінен адасып қалмау. Күй тартудың барлық сырларын, оның тұнып тұрған әдістерін жүйелі түрде үйрену үшін ұстазыдық үлкен тәжірибие керек, ғасырлар бойы қалыптасқан күй тарту өнерін жан-жақты меңгеру үшін әдістемелік жүйенің болуы заңдылық.
Домбыраға үйрету әдісі – кәсіби өнер саласында ұдайы дамып, ізденісте, дамуда келе жатқан үрдіс. Есте сақтау, есту, ырғақ, музыкалық қабілеттер қалыптастыру, зейін, творчестволық ойлау дағдысын жетілдіру дамылсыз үйретудің прогрестік жолдары жиынтығындағы мектепті қалыптастыру өз бетімен жұмыс, шығармашылық құлшыныс, орындалған шығармаға сын көзқарас, жалпы өнерге деген сүйіспеншілігін арттыру. Басты мақсат – ұлт өнерін жіті білетін, ұлттық рухтағы тәрбиелі орындаушы, ұйымдастырушы, ыждахатты, инабатты ұрпақ дайындау.
Қазақ халқының басты бір ерекшелігі – ол тәрбиелік қасиеті. Қазақ халқының бүкіл салт-санасы, әдет-ғұрпы, мақал-мәтелдері, ертегі, жыр-термелері, ойын-сауығы, жұмбақтары мен жаңылтпаштары айналып келгенде тәрбиелік мәселеге тіреледі. Олар адамгершілікке, көпшілдікке, азаматтыққа баулыған. Қазақтың халық әндері жоғары тәрбиелік мүмкіндіктерімен, азаматтық идеяларының өркениеттілігімен, болмысын әсерлі бейнелеуімен, көркемдік айырмашылығымен болашақ ұрпақтың назарын өзіне аударады.
Қорыта айтқанда, қазақтың рухына нәр берген де, азаптан арашалаған да, алдынан жарқыраған ай боп туып, алысқа шақырған да асудан асырған да, жауға шапса семсеріне күш берген де арғы-бергідей бар болмысының күре тамыры – құдіретті күй.
Қазақтың түбі терең тылсым тарихы, бүкіл болмыс бітімі домбыра пернесінде хаттаулы. Қазақ отбасында тәрбиеленіп, өсіп келе жатқан әрбір ұрпақ домбырадан төгілген күйден нәр алып, эстетикалық, адамгершілік қасиеттерді бойына қалыптастыра білсе, онда біздің өнеріміз биік тұғырдан көрінеді.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1. С. Қасқабасов «Қазақ өнерінің тарихы», Алматы «Өнер» 2008
2. Ж. Еңсепов «Домбыра философиясы», Алматы 2007
3. К. Сахарбаева «Домбыра үйрету әдістері», Алматы «Издатмаркет» 2006
4. А. Жайымов, С. Бүркітов, Б. Ысқақов «Домбыра үйрену мектебі»
Алматы 1992
5. Т. Қоңыратбай «Музыка өнері», Алматы «Өлке» 2009
6. Т.Мергалиев, С.Бүркіт, О.Дүйсен «Қазақ күйлерінің тарихы», Алматы-2000
7. Тарақты ақселеу «Күй шежіре» -Алматы: КРАМДС – Яссауи, 1992
8. С.Бәтібаева, Ф.Қоңыратбай, Э.Баталова «Әдістемелік нұсқаулық»-
«Алматыкітап» ААҚ, 2002
Категория: Уроки музыки | Добавил: kymbat (22.11.2019) | Автор: Ергалиева Кымбат Канапияновна E
Просмотров: 534 | Теги: Музыкалық аспапта ойнау | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]