Главная » Статьи » Внеклассные мероприятия

Наурыз - Думан.
ШҚО. Тарбағатай ауданы
"Тоғас батыр атындағы орта мектебі" КММ
Маселова Маржан Еркінғазықызы.
Бастауыш сынып мұғалімі.

Мақсаты: Оқушыларға Қазақ халқының ұлы мерекесі Наурыз мейрамы жөнінде түсінік бере отырып, халқымыздың салт – дәстүрін бойларына дарыту арқылы, шынайылыққа, адамгершілікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеу.
Мазмұны: Бүкіл тіршілік аталуының түрленіп, жаңаруы паш етіледі. Мейрамның ең қадірлі дәмдері мен қасиетті сөздері кеңінен насихатталады.
Көрнекілігі: Қазақтың киіз үйінің жабдықтары, ұлттық тағамдар.
Түрі: Мерекелік сазды әдеби – музыкалық кеш.
Сахна ашылып күй ойнап тұрады. Екі жақтан Жиренше мен Қарашаш бейнесіндегі екі жүргізуші шығады. Күй бірте – бірте баяулайды.
1 жүрг. Армысыздар, асыл халқым, қауымым!
2 жүрг. Қош келіпсіз, Наурыз тойға берекелі, мерекелі ауылым!
1 жүрг.
Бақ дарыған елімнен,
Қыдыр қонған жерімнен.
Қасиетті құт-мекен-
Тарбағатай төрінен!
Екеуі бірге: Баршаңызға бір сәлем! (Иіліп сәлем береді)
2 жүрг.
Салғызбай қамшы бәйге алған,
Дүлдүлдер туған жерімнен.
Өнердің жаққан оттарын,
Бұлбұлдар туған жерімнен.
Екеуі бірге: Баршаңызға бір сәлем! (бас иіп сәлем береді)
1 жүрг.
Қаламнан от тұтатып,
Ұшқыннан жалын лаулатқан,
Өлеңмен өрген ойларын,
Ақындар туған жерімнен!
Екеуі бірге : Баршаңызға бір сәлем! ( иіліп)
2 жүрг. Халық әні «Қалаулым» орындайтын хор.
Сахна төрінде безендірілген таққа патша келіп отырады.
1 жүрг.
Той жүргізушілері – аңыздар елінен келген Қарашаш сұлу!
2 жүрг.
Және Жиренше шешен!
Иә есіңде ме, Жиренше, сонау бір көктемде Ай ару мен Күн сұлу жайлы аңыз айтып берген ең...
1 жүргізуші.
Ұмытпапсың, Қарашаш, ұмытпапсың..
Бір ауыз ел аузында ерте күннен,
Қызығы кем түспейді ертегіңнен.
Аңыздың тақырыбы – Күн менен Ай,
Әңгіме осы жайлы шертейін мен.
Ерте , ерте , ертеде, бәлкім одан да ерте ме, көктің жүзін мекен еткен сәулеті дәулетіне сай бір патша болыпты. Сол патшаның Ай ару мен Күн сұлу деген екі қызы болыпты. Екеуі қатар жүргенде олардың сұлулығын не көк, не жер көтере алмапты. Сол себепті далаға Ай ару түнде, Күн сұлу күндіз шығады екен.
2 жүргізуші.
Перзенттерінің бұл күйлеріне шыдай алмаған патша жаратқаннан тілеу тілепті.
Патша. Е, жасаған ием! Бір тілегімді бере көр! Ай мен Күнімді тым болмаса жыл он екі айдың бір түнінде тоғыстыра көр!
2 жүргізуші.
Патшаның тілегі қабыл болып, Ай мен Күн жылдың бір түнінде ғана бас қосып, сырласатын болыпты. ( Ай мен Күн екі жақтан билеп шығып вальс ырғағымен айналады. Қол ұстасып тұрады)
1 жүргізуші.
Ау, жарандар келіңдер,
Той қызығын көріңдер.
Наурыз Айға бас иіп,
Күнге сәлем беріңдер!
Күн:
Шұғылалы, шуақты,
Ару Күнмін қуатты.
Алтын арай шапағым,
Бар ғаламды қуантты.
Ай:
Көктем айы – Наурызбын,
Думан тойы халқымның.
Үстем болсын мерейі,
Жаңарған дәстүр – салтымның! ( Ай мен Күн таққа отырады)
2 жүргізуші.
Айымыз нұрлы,
Күніміз жылы болсын!
1 жүргізуші.
Ай мен Күннің нұрынан жер беті гүлге оранып, құстар сайрап, жер беті жырға бөленіпті.
2 жүргізуші.
Жыл он екі айдың ақ еркесі, думанды мерекесі, жасыл желек жамылған, арайлы нұрға малынған, көгілдір көктем келіпті. Көктем келді.
Көктем. «Армысыздар, халайық!»
Оқушылар: Армысың, ару Көктем!
Көктем:
Мен көгілдір көктеммін,
Шұғыласын төккен күн.
Тіршіліктің бастауы –
Еңбек күйін шертемін! ( Айналып гүлдерін шашады)
2 жүргізуші.
Төрлет, Көктем, төрлет! ( Көктем де төрге отырады.)
1 жүргізуші.
Иә, Қарашаш, Ай мен Күн бас қосқан бұл күн – Наурыздың 22 жұлдызы екен.
2 жүргізуші.
Наурыздың 22 – жұлдызында күн мен түн теңеледі. Қыс өтіп, жаз жетіп, шаруа кенеледі. Бар табиғат еміреніп, жан – жануар түлеп, жанды- жансыз тіріледі.
1 жүргізуші. Табиғат анамен бірге жасарып, бірге қуанған мұсылман қауымы да бұл күнді Ұлыстың Ұлы күні деп атап, ақжарқын мерекеге айналдырған.
2 жүргізуші.
Музыкалық нөмір:
Би «Қамшыбиі» ұлдар тобы.
2 жүргізуші.
Иә, Жиренше, Наурыз айында әр отбасында жеті түрлі дәмнен жасалған наурыз көже таратылып, бата жасалыпты.
Көрініс. Әндетіп Алдар келеді. Шығайбай мен бәйбішесі отырады. Алдар халыққа қарап: Шығайбайдың көжесі дайын бе екен?
Шығайбай: Бәйбіше көжені тық!
Бәйбіше: Қайда тығам, байғұс – ау! (Шығайбай қазанның үстін шапанымен көлегейлеп отырады) .
Алдар:
Не істеп отырсың, байеке,
Жұмыртқа басқан тауықтай?
Қазанға жапқан шапаның
Отқа жанса қауіп қой!
Шығайбай: Қайдағы қазан? Қазан жоқ мұнда! Ойбай, бәйбіше күйдім!
Бәйбіше: Ойбай, байғұс-ау! Құйрығың оңбай күйіп қалыпты ғой!
Алдар: Әй сараң бай! Ұлыстың ұлы күнінде көжеңді тығып не қара басты? Тарат мына жұртқа көжеңді!
Бай. Бәйбіше тарат елге көжені!
Алдар: Е, енді жөнге келдің. Ау халайық, наурыз көжеге келіңіздер!
1 жүргізуші.
Музыкалық нөмір:
Дильназ бен анасы Аяужанның орындауында би «Қамажай» қабыл алыңыздар
2 жүргізуші:
Сіз білесіз бе ? Наурыз мерекесін тойлау дәстүрлі дүние жүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс – салтында бағзы замандардан бері орын алған деседі.
1 жүргізуші:
Иә, иә, менің естуімше Ежелгі түркілер ұлыс күндері жаңа киімдерін киіп, сақал – мұрттарын түзеп, шаштарын алдыратын болған, алты күн садақ тартып машықтанған соң, жетінші күні алтын теңгеден жамбы атып жарысқан. Егер кімде – кім бірінші болып жамбыны атып түсірсе, сол адам сол күні, яғни бір күн елге патша болып, билік жасауына ерік берілген деседі.
Ал Қазақ даласында ұлыстың ұлы күні бүкіл адамды тең санаған, құл мен күң де шаруадан босап, еркін бой жазуға мүмкіндік алған. Бұл күнгі дастархандағы дәм, айтылар әңгіме көпке ортақ болған екен.
1 жүргігізуші:
Қазақтың спорттық ойын түрлерінің бірі « Асық ату» көріністік сайысымызды тамашалаңыздар.
2 жүрг. Ән: « Алтын ана» орындайтын: Мейіржан мен Эльмира
2 жүргізуші:
«Береке басынан басталады» демекші, «жыл басы жақсы басталса, аяғы да жақсы болады» деген қағиданы берік тұтынған халық бүкіл ыдыс атаулыны дәнге, аққа таза суға толтырып бетін ашық қалдырған. Бұл 21 – Наурыз күнгі таң алдында орындалады екен. Бұның мәні: дала аралаған Қызыр Ата келіп «қыдыр, құт дарытып» кетеді дейді екен. Олай болса бүгінгі біздің Наурыз мерекемізге Қызыр Ата келе жатыр дейді.
Оқушы:
«Қызыр Ата» келеді, бата береді. (бір оқушы жүгіріп келеді)
Қызыр ата бата береді.
1 жүрг. Заринаның орындауында «Аққу» биін тамашалаңыздар.
2 жүргізуші:
Енді ұлдарымызға арналған « Білектесу» ойынына кезек берелік.
1 жүргізуші.
Би « Көктем » қыздар тобы.
2 жүрг.
Салт – дәстүрсіз ел болмайды. Енді аналарымыз қазақтың дәстүрі « Құлақ тесу» рәсімін көрсетіп жіберсе.
«Құлағыңа таққаның күміс сырға, күмбірлетіп шығасың күнде қырға» деп халқымыз айтқандайын, қыз болып жаралған соң құлақ тесіп алтын, күміс және тағы басқа бағалы тастардан жасалған сырға тағамыз. Сырға сыңғыры бойжеткеннің жүріс-тұрысын, мінез-құлқын аңғартқан. Қазақта қыз баланың өміріндегі айтулы күн — құлағын тесу. Тоғыз жасты балиғатқа толған кез деп айтады екен, ал жеті — қазақ үшін қасиетті санның бірі. Қыздың құлағын көп жағдайда тек жеті жасынан бастап тескен. Тұлымшағы желбіреген кішкентай қыз жеті жасқа дейін қуыршақ ойнаған болса, құлағы тесілгеннен кейін оның мінез-құлқы бірден өзгереді. Осыдан бастап «сен енді сырғалы қыз болдың», «сырға таққан соң қыз санатына қосылдың, енді саған қуыршақ ойнау жараспайды» деп оның құлағына жайлап сіңіре береді. Бұдан былай ол қуыршақтың орнынан қолына кесте алады. Ою оюды үйренеді. Қыз баланың құлағын тек сәндік үшін, әдемілікке бола теспейді. Бұл да — тәрбиенің бір түрі. Бұл — қыз баланы ісмерлікке, шеберлікке үйретудің басы. Ол біртіндеп үйдің шаруасына араласа бастайды. Ұл баланы сүндетке отырғызған сияқты, қыздың құлағын тесу де — бірдей, ата-анаға парыз болып саналады.
Жеті жастан бастап құлақ тескеннің белгілі бір заңдылығы бар. Ол осы күнді іштей асыға күтеді. Өйткені құлағын тескен соң қыз баланың мінез-құлқынан бастап, киетін киіміне дейін өзгереді. Қызға бүрмелі көйлекті құлағын тескен соң кигізетін болған. Осыдан соң -ақ ол өзін үлкен сезінеді, өзінің өміріне қажетті тірліктердің барлығын үйренуге тырысады. Саналы түрде соған бейімделеді, білмекке ұмтылады
Құлақты қалай тескен?
Құлақ тесерде алдымен сырғалығының екі жағынан екі тарыны сәйкестендіре қойып, жанын кетіре уқалайды. Содан кейін ғана отқа қыздырылып, әбден тазаланған инемен тескен. Бұрынырақта, құлақты тескен соң бірден сырға салмай, иттің жүнінен ширатылған жіпті өткізіп қоятын болған. Өйткені ата-бабаларымыз, бір жағынан, итті «жеті қазынаның» бірі санаса, екіншіден, ит жүнінің белгілі бір қасиеттерін білген. Құлақты іріңдетпейтінін, ісірмейтінін әрі тез жазылып кетуіне әсер ететінін білгендіктен де, алдымен иттің жүнінен жасалған жіпті пайдаланған. Ал кейбіреулер шайдың самасын өткізетін болған. Шай да — қасиетті шөп, өйткені шайдың қасиеті болмаса, бүкіл әлем ішпес еді. Шайдың да құлақты қызартпайтын, ісірмейтін қасиеті бар. Осыдан кейін өзінің түкірігімен сулап, жаңағы сама немесе иттің жүнінен жасалған жіпті жылжытып, қозғап отырған. Осылай екі-үш күннің айналасында-ақ қыз баланың құлағы жазылып кеткен
Әбден жазылған соң әжелеріміз немересінің құлағына күмістен соғылған сырғаны салғанды жөн көрген. Күміс — өте таза әрі емдік қасиеті мол металл. Күміс сырға таққан баланың құлағы ешқашан асқынып кетпеген, ауырмаған әрі құлақ күміске үйренген соң, алтынға да тез бейімделеді
2 жүргізуші.
Ән Наурыз келді. Орындайтын хор.
1 жүргізуші.
Ей, адамзат! Қос ару Ай мен Күн адамдардың татулығын, дүниенің тыныштығын қуаттап, жер бетіне нұрын төге беріпті, төге беріпті.
2 жүргізуші. Иә , Жиренше , екеуіміз білетін осы ертегі ел ауызында жалғаса берсін. Енді осы отырған халыққа Наурыз тілек айтып ертегімізді аяқтайық.
1 жүргізуші.
Ұлыс оң болсын!
Ақ мол болсын!
Сіздерді Наурыз көже ішуге шақырамыз!
Категория: Внеклассные мероприятия | Добавил: жаксы (26.03.2015) | Автор: Маржан E
Просмотров: 1187 | Теги: шара, сыныптан, тыс | Рейтинг: 5.0/2
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]