Главная » Статьи » Самопознание

МӘҢГІЛІК ЖАЛПЫАДАМЗАТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР- РУХАНИ- АДАМГЕРШІЛІК БІЛІМ НЕГІЗІ
МӘҢГІЛІК ЖАЛПЫАДАМЗАТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР-
РУХАНИ- АДАМГЕРШІЛІК БІЛІМ НЕГІЗІ

Абдраимова Асем Бауржановна
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «Ақмола облысы бойынша ПҚ БАИ»[/r][/c]

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында (27.01.2012 ж.) былай делінген: «Оқыту үдерісінің тәрбиелік құрамдасын күшейту қажет. Олар – патриотизм, мораль мен парасаттылық нормалары, ұлтаралық келісім мен толеранттылық, тәннің де, жанның да дамуы, заңға мойынұсынушылық. Бұл құндылықтар, меншіктің қандай түріне жататынына қарамастан, барлық оқу орындарында да сіңірілуі тиіс. Біздің жастарымыз үшін өмірлік қажеттілік». [1]
Әлемдік білім кеңістігінде «Өзін-өзі тану» білім бағдарламасының баламасы жоқ. Ол балалар мен жастарға рухани- адамгершілік білім берудің барлық деңгейлерінде үздіксіздік пен сабақтастықты қамтамасыз етіп отыр.
Балалар мен жастарға рухани-адамгершілік білім беру қоғамда жоғары рухани- адамгершілік игіліктерді нығайтудың, кемел мінез бен адамгершілік қасиеттерге ие лайықты азаматтарды тәрбиелеудің тірегі болуды мақсат тұтады.
Қоғамның келешегі білім беру жүйесіне тәуелді, өйткені бүгінгі балалар уақыт өте келе елдің және жаңа заман тағдырының жасампаздары болатынын нық сеніммен айтуға болады.
Расында, XX ғасырдың екінші жартысында адамзат қоғамның барлық тараптарына әсерін тигізетін адамның тіршілігіне қауіп төндірген жаһандық дағдарыстармен (экологиялық апаттар, әлеуметтік-экономикалық дағдарыс, террорлық әрекеттер, ұлтаралық қақтығыстар) бетпе-бет келді.
Адамзаттың жаһандық мәселелерінің негізгі көрінісі тұтыну идеологиясының кең таралуы болып табылады. Әрбір белгілі қажеттіліктерді қанағаттандыру адам бойында жаңа бір қажеттіліктерді туындатады. Осыған сәйкес, адам шексіз, сарқылмайтын қажеттіліктердің шырмауына түседі. Демек, ең алдымен, адамның өзінің өзгеруін, адамзаттың материалдық игіліктерді тұтыну идеологиясынан рухани өзін-өзі кемелдендіруге қайта бағдарлау жөнінде ойлану қажет. Әңгіме қоғамның әлеуметтік және адамгершілік бағдарларының өзгеруі жайында болып отыр және бұл үдерістегі жетекші рөл білім беру жүйесіне тиесілі.
Рухани-адамгершілік білімнің маңыздылығы жайында ұлы қазақ классиктері де айтып кеткен. Мысалы, Шәкәрім Құдайбердіұлы ғалымдарға «Ар-ұждан ілімін» әзірлеп, оны барлық білім беру ұйымдарына міндетті пән ретінде енгізу жөнінде ұсыныс айтқан. Бүгінгі таңда Шәкәрім Құдайбердіұлының арманы жүзеге асты деуге болады, себебі, Қазақстанның барлық жалпы білім беретін мектептерінде өткізілетін өзін-өзі тану сабақтары – ар-ұждан сабақтары болып табылады.[2]
«Өзін – өзі тану» рухани- адамгершілік білім беру бағдарласы бойынша
3-ші (базалық) деңгей курсы аясында оқылған дәрістер мен пратикалық сабақтар, тыңдаушыларға ұсынылған бейнебаяндар «Бөбек» ҰҒПББСО-ның материалдары негізінде жүзеге асырылды.
«Бөбек» ҰҒПББСО-ның дайындаған бағдарламасы негізінде ұйымдастырылған біліктілікті арттыру курсына облысымыздың аудандарынан барлығы 26 мұғалім қатысты.
Бірінші кезең – «Жүректен жүрекке» (дәрісханалық оқыту: төрт апта). Курстың бірінші «Жүректен жүрекке» кезеңі 2015 жылдың 19 қазаннан 10 қараша аралығында өтіп, Бағдарламаның түйінді идеялары мен оларды мектеп тәжірибесіне енгізу әдістемесіне шолу жасалды.
Әрбір модульдің материалдарын зерделеп, модульдің бір тақырыбы бойынша презентациялар қорғалды, жұмыс жеке дара орындаудан және әрбір модуль тақырыптарын топтық талқылаудан тұрды.
Тыңдаушының жеке және кәсіби тәжірибесі туралы терең ойлануына және талдауына, Бағдарламаның түйінді идеялары аспектісінде жеке дара зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беретін бірнеше жазбаша тапсырмаларды орындады. Бұл кезеңнің басты міндеті- әрбір тыңдаушы өзінің мұғалім әрі адам ретіндегі жаратылысын жаңаша ұғына алуына көмектесу болды. Курстың мазмұны нені және қалай оқыту туралы ақпарат алуға ғана емес, ең алдымен, мұғалім тұлғасының ішкі жан дүниесінің өзгеруіне бағдарланған. Бұл мұғалімнің оқыту іс-әрекетінде әрбір оқушы өзінің ішкі рухани-адамгершілік әлеуетін аша алатындай жағдай туғызу іскерлігінің дамуын қамтамасыз етеді.
3 қараша күні Көкшетау қаласындағы №18 қазақ орта мектебінің базасында курс тыңдаушылары 1-ші және 7 сыныптардағы өзін-өзі тану сабақтарына қатысып, топтық талқылау жүргізіп, сабақтарғы мониторинг жүргізді.
Курстық жұмыс барлық талаптарға сәйкес жүргізілді, алғашқы аптаға жұмыстардың барлығы әдетте топта жағымды, бір- бірімізге деген сенім мен шығармашылық атмосферасын құруға бағытталады, өйткені келген тыңдаушылар әр түрлі мінезбен, оймен, көңіл-күймен келеді емес пе... Одан әрі жұмыс өзінен –өзі бір арнаға түседі. Бұл жерде тренердің адамгершілік және ұйымдастырушылық, интеллектуалдық деңгейі үлкен рөл атқарады. Осы орайда, Ақмола облысы Целиноград ауданының Қараөткел орта мектебінің мұғалімі Байболина Жанар есімді тыңдаушымның пікірін ұсынғым келіп отыр:
«Әр тұлғаның бойындағы жалпыадамзаттық құндылықтарды жаңғыртып, өмірлік тәжірибе беруде «Өзін-өзі тану» рухани адамгершілік бағдарламасының маңызы зор. «Әр адамның бойында шырақ бар, тек оны жандыра біліңдер»,- деп грек ойшылы Сократ айтқандай, оқушының бойындағы сол шырақтардың маздауына түрткі болсақ, ол біздің бірден-бір жетістігіміз. Әр жүректі нұрландыруға бағытталған, бізді нұрлы ұстаздарға айналдырған «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік бағдарламасының курсына алғысым шексіз. Себебі бұл курстан алған өмірлік және кәсіби тәжірибемді айтып жеткізу қиын. Бұл орайда, ең алдымен ұстазым болып қана қоймай өмірлік идеалыма айналған , асыл да, ардақты жан - тренеріміздің қосқан үлесі зор. Ең алғашқы курсқа келген күннен бастап әр қайсымыздың жүрегімізге жол тауып, шынайы ниетімен өзіне баурап алған ұстазым бүгінгі күнде ұстаз ретінде ғана емес туғаныма айналғандай. Өзінің ойының, сөзінің және ісінің бірлігінің арқасында әр тыңдаушысының құрметіне бөленді. Ол мен үшін үлгі аларлық тұлға болып, мәңгілік жүрегімде қалады.
Мен бұл курс арқылы өзіме шынайы достар да таба білдім. Біз бір-бірімізге әрқашан қолдау мен құрмет көрсете білдік. Курс барысында оймыз, сөзіміз, ісіміз әрқашан бірлікте бола білді. Бірлесе жасаған әр ісімізде бір-бірімізге деген құрметіміз бен сүйіспеншілігіміздің арқасында үлкен жетістіктерге жете білдік.
Интелектуалды білім – ақылға арналған білім болса, алайда рухани білім – жүрекке арналған білім, ол әр адамның өмірлік азығы екендігін жете түсіндік. Бағдарламаның І кезеңінен бастап айтылған әрбір ойды, көрсетілген бейнероликтер мен фильдерді бар ықыласыммен қабылдап, жүрегіме орната білдім. Сондықтан болар екінші кезеңде тапсырмаларды орындау барысында алған білімді жүректен-жүрекке жеткізе білгендеймін.
Екінші «Құндылықтар кезеңінде» мен өзімнің өзгерген ойымды, ісімді ескере бастадым. Айналамдағы әр тұлғаға, отбасымдағы жақын адамдарыма, оқушыларыма бұрынғыдан да аса құрметпен қарап, қадірлей түстім. Бұл курс мен үшін қанша шығармашылық шабыт бере алды десеңізші... Өмірдің мен үшін осындай ғажайып сыйына мың мәрте тәубе айтамын.
Дәл осы сәтте бар ниетіммен шабыттана ойымды жеткізуім – ақиқат, жүрегімде – сүйіспеншілік, жан дүниемде – тыныштық, іс-әрекетімде – дұрыстық, ойымда – ешкімге, еш нәрсеге және ешқашан қиянат жасамау тілегі бойлап бара жатқандай. «Өзін-өзі тану» Рухани- Адамгершілік Білім Беру Бағдарламасы Саған Мың Алғыс!».
21.12.2015 ж.
Бірінші кезеңдегі 3 модуль бойынша презентация қорғау тапсырмаларына мұғалімдер үлкен жауапкершілікпен келді. Ш.А. Амонашвили мұғалімдер туралы былай дейді, олар да бала тәрізді, үйренгілері келеді, іздейді, оларды тек шабыттандырып отыру қажет. Бағдарламаның түйінді идеяларын пайдалану арқылы өзін-өзі танудан екі сабақ өткізгендері туралы рефлексивті есеп және өзін-өзі танудың бір сабағы туралы бейне және фотоматериалдармен көрсетілген толық есептерін ұсыну арқылы тыңдаушылар өз іс-тәжірибелерін жинақтап басқалармен бөлісе алды. Мені қуантқаны, олар бір команда болып жұмыс жасады, барлығы бір қонақжайда тұрды. Бір- біріне қол ұшын бере білді. Өте ұйымшыл топқа айналды.
Бұл адамға естіген сәтінде келетін білім емес, бұл өмір бойы біртіндеп игерілетін білім, сондықтан да оның философиялық негізін түсініп алудың өзі терең ойды талап етеді деп ойлаймын. Сол себепті барлық 26 адам бірден түсініп, сезініп кетті деп айту дұрыс болмайды. Әр қайсысының қабылдауы әртүрлі. Әрине біз, тренерлер осы курсты тыңдап кеткен мұғалімдердің алдағы іс-әрекеттері үшін жауаптымыз, бірақта біз олардың саналарына неше түрлі асыл дәндер тастадық, ол дәндер бүгін бе, ертең бе, әйтеуір бір өсіп өнетініне сенімдімін! Өйткені, ең маңыздысы, бұл курс әрқайсысының шынайы болмысын, нағыз адами табиғатының оянуына түрткі болды 26 мұғалімнің барлығының мінездері тамаша, ол маған үміт береді.
Екінші «Құндылықтар тәжірибесі» кезеңінде Бағдарламаның негізгі идеялары сыныпта және тыңдаушының жеке өміріндегі тәжірибе жүзінде асырылды. Аталмыш кезең екі бағыт бойынша жүргізілді.
Бірінші бағыт – алынған білімдерді күнделікті жеке өмірде және жалпыадамзаттық құндылықтарды сыныпта оқыту тәжірибесінде қолдану.
Екінші бағыт – бірінші «Жүректен жүрекке» кезеңінде берілген «Құндылықтар практикасы» кезеңінде орындауға арналған тапсырмалармен жұмыс жасау.
Тыңдаушының өміріндегі және оқыту тәжірибесіндегі өзгерістер оның мектептегі тәжірибесі кезеңінде жүйелі түрде бағаланды. Әр мұғалімге «Өрлеу» БАҰО» АҚ сайтындағы қоғамдастық арқылы және сеттегі электрондық адрестері бойынша күнделікті әдістемелік көмек пен қолдау көрсетіліп отырылды.
«Құндылықтар практикасы» кезеңінде мұғалім сыныптың деңгейінде базалық деңгейлі Бағдарлама идеяларының негізінде бірізді сабақтар топтамасын өткізеді, сабақтан тыс іс-әрекет ұйымдастырады және ата-аналар жиналысын өткізді. Сондай-ақ, мұғалім жалпыадамзаттық құндылықтар туралы реферат жазып, өмірдегі құндылықтар тәжірибесі және жалпы түсінігі баяндалды. Бағдарлама мазмұнына қосылған жаңа бағыттардың бірі мұғалімнің ең алдымен өзінің рухани табиғатын ұғыну қажеттілігі, балаларға күнделікті өмірде жалпыадамзаттық құндылықтарды басшылыққа алуда үлгі бола білу қажеттілігі болып табылады. Тек осы жағдайда ғана мұғалім әрбір оқушыға қажетті білімді жеткізе алады.[3]
Екінші кезең – «Құндылықтар тәжірибесі» (асинхронды оқыту; бес апта). Біздер, тренерлер үшін қызу науқан кезеңі болды. Әр тыңдаушының 8 жұмысының әр қайсысын бірнеше реттен тексеру, нұсқаулықтар мен ұсыныстар, бағыт- бағдар беру, нағыз осы кезеңде олар өздерінің алған білімдерін іс жүзінде жүзеге асырды.
Көкшетау қаласындағы қазақ лицейінің өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі М.Т. Шаменованың ата-аналар жиналысына жазған рефлексивті есебінен үзінді:
«...Мен баршаңызды ортаға «Жылулық шеңберіне» шақырамын. Әр ата – ана өзінің есімін, баласының есімін айтып, сүйікті ісі туралы қысқаша баяндау қажет болды. Байқағаным «Сүйікті ісіңіз?» дегенге көбі қиналды, себебі жауаптары «...мүмкін ән айту шығар», «ән айту деп ойлаймын..», яғни жұмыс басты кейбір ата-аналар өздерінің сүйікті істері туралы ойланбағандарын мойындады.
Бәріміз қол ұстасып бір – бірімізге жылулық сыйладық, бастарымызды бір-бірімізге тақау әрекетін жасау арқылы, жиналыста бір ой мен бір мақсатқа жетуді көздейтінімізді айтып өттім. Қатысып отырған ата – аналардың түгелі лауазымды қызмет атқаратынды, мүлде бос уақыттары жоқ екендігі анықталды. Шеңбер басында өздерін салқын ұстап, қол ұстасып, бастарымызды біріктіргенде эмоциялары жағымды жаққа өзгергенін байқадым...Жоспардағы тақырыпшаларға жеке тоқталып, мысалдармен келтіруге тырыстым.
Жиналыстың соңында, тіпті кейінгі күндері осындай жиналыстың болғандығы туралы түгел мектеп хабардар болып, басқа сынып ата-аналары мен мұғалімдері сұраныстар жасай бастады.
Мұғалімдердің барлығы «Құндылықтар практикасы» кезеңінде қайырымдылық, қамқорлық акцияларын өткізді. Бұл өте маңызды шаралардың бірі болды. Басым көпшілігі үшін бұл жаңалық, өйткені алғашқы рет өткізгендерін мойындап, есеп беру кезінде жасаған игі істен алған әсерін аса бір толқумен, таңдайына тығылған аяушылық сезімімен жеткізе, көз жастарын жасыра алмады. Мұндай істің «бір рет» қана болуы мүмкін емес, оның жалғасы саналы түрде жалғасатыны туралы жүрек арқылы жасаған мұғалімдер баса айтты. Бұл ойды осы акцияларға қатысқан оқушылардың өзі мұғалімге бірінші болып ұсынғандарын қуанышпен жеткізді. Мұғалімдердің басым бөлігі ауылды жерлерден болғандықтан қарт адамдарға, тыл ардагерлеріне, жалғыз басты ата-аналарға, ата-анасынан айырылған қамқоршысымен қалған балаларға қол ұшын беру болса, ал қала мұғалімдері Көкшетау қаласындағы ақыл-есіне кемістігі бар балалар интернатына, аудандардағы «Бөбекжайларға», қарттар үйлеріне қол ұшын беру шараларын ұйымдастырды.
Бірнеше рефлексивті есептерден үзінділер келтірейін:
Бұланды ауданы Елтай орта мектебінің өзін-өзі тану пәні мұғаліміТонеубай Амия:
«Оқушылар қайырымдылық іс- шарасына аса белсенділікпен атсалысты. Балалар ауылдағы жалғызбасты әженің үйіне көмектесуге барды. Әже балалардың көмектесуге келгенін естігенде қатты қуанды. Өзінің қайырымдылыққа мұқтаж екенін жасырмай айтып берді. Ол кісінің балалары, немерелері,тіпті жақын туыстары да жоқ екен.Үй шаруасын істеуге де хәлі жоқ екен. Қан қысымы өте жоғары. Әжейден қандай көмек қажет екенін сұрағанымызда отын кіргізу, үй жинау, су тасу керектігін айтты.Сөйтіп олар отын кіргізіп,су тасып берді. Оқушылар жұмыстарын аяқтағаннан кейін әженің үйіне кіріп әңгіме дүкен құрып,жақсы лебіздерін білдірді. Әже бізге осындай көмек әсіресе қыс мезгілінде қажет болатынын айтып еді, балалар сол сәттен «мен келем, әже» деп таласа бастады. Әже олардың көмек көрсеткеніне және әрдайым қол ұшын созуға дайын екендеріне қатты қуанды, тіпті көзіне жас алды. Балалар ол кісіге жылы сөздер айтып жұбатуға тырысты. Әженің ризашылығына бөленген оқушылардың қарт адамдарға көмектесуге ынтасы одан әрі арта түсті».
Красный Яр №1 орта мектебінің өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі Ескендирова Балкумус Болатхановна: «Көкшетау қаласындағы Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 10 сынып оқушыларымен «Жан жылуы» атты акциясын ұйымдастырдым. Орталықтың табалдырығын аттағаннан бастап жүрем ауырып, соғысы күшейді. Бізді орталықтың директоры Қ.Қ Темирбаев пен тәрбиешілер жылы қарсы алды. Біріншіден орталықтың тыныс-тіршілігімен таныстық. Одан кейін орталық тәрбиеленушілермен тыныстырды, орталықта 23 бала, оның ең үлкені 16 жаста болса, кішісі 3 жаста.
Балаларды көргендегі сезімімді жеткізу өте қиын, себебі көзіме жас толып, өз-өзімді тоқтата алмадым. Кішкентай Вадим жүгіріп келіп мені құшақтағанда тіпті, жүрегім ауырды. Өзге ұлт өкілі болса да , ол сәби, ана мейірімін аңсап, сағынған бала, маған өзінің не себептен осы жерге келгені жайлы әңгімелеп айтып берді. Мен одан тіпті қалай осында тап болғаны туралы сөз қозғаған емеспін, ол бірден өзінің ішіндегі жан-жарасын айта бастады. Шынында да анасын, отбасының жылылығын сағынғаны қатты батты. Апарған оқушыларым да өз сезімдерін жасыра алмады. Біз барғанда 4 жасар Диманың әжесі келді, ол бала әлі сөйлемейді, әке-шешесі түрмеде отыр екен, ал әжесі болса оны тәрбиелеуге шамасы жоқ, өзінің баспанасы да жоқ, денсаулығы да нашар. Әжесі келгенде баланың қуанғаны-ай, шіркін туғандарыңа не жетсін. Осындай сәттердің куәсі болдық.
Ал, мен апарған оқушылар тіпті қолдары босаған сәтте келетіндері жайлы айтып балаларды қуантты. Орталықпен біздің қарым-қатынасымыз үзілмейді, себебі біз алдағы уақытта Жаңа жыл мерекесіне өз бағдарламамызбен барып баларға тосын сый жасайтынымызды орталық директоры Қайрат Қуанышұлына айтып кеттік. Мен мақсатыма қол жеткіздім!

Көкшетау қаласының №7 орта мектебінің өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі
Жусубалина М.М.:
«...Үйде оқытылатын Фенглер Даниилдің диагнозы ДЦП, тек қозғалысы шектеулі, бірақ өте ақылды, оған қарым-қатынас жетіспейді, сондықтан Тимофей, Алуа, Инара есімді 2 сынып балалармен бардым. Сыйлыққа ертегілер кітабын алдым, ол жаңа оқып үйреніп жүр екен. Бірінші көргенде Даниил бізден ұялып, сөйлескісі келмеді, бірақ балалармен танысып тез тіл табысып кетті. Ол глобусты жақсы біледі, балаларға әр мемлекетті глобустан тауып берді. Және оның йоникасы бар, қалай ойнау керектігін бізге көрсетті. Даниил балардың келгеніне қуанды, тіпті оларды жібергісі келмеді. Даниилға сыйлықты Тимофей табыс етті. Анасы балалардан сұрады тағы келесіңдер ме деп, балалар демалыс күндері келеміз деді. Сосын балармен мектепке келдік, оларға алғысымды білдіріп, тәтті сыйлық ұсындым.
...Осы іс-шараны өткізгенде мақсатыма жеттім деп ойлаймын, өйткені балалардың қуанышын көріп, өзім де қуандым. Анасы да толқып, қуанышын жасыра алмады. Балалардың бойында сүйіспеншіліктің бар екені, әрқашан достарына көмекке келетіні,өзімшіл емес екендері айдан анық байқалды. Осындай шағын іс-шараның өзі адамдарға қуаныш әкелді. Жаңа жылдың алдында Даниилға баруды жоспарлап отырмын, себебі жаңа жыл мерекесі балалардың күтетін ерекше мерекесі, оған тосын сый жасағым келеді».
Үшінші кезең – «Жүректен жүрекке» (дәрісханалық оқыту; екі апта).
Үшінші кезең «Жүректен жүрекке» қорытынды кезеңі мұғалімніңжеке өмірінде және оқытуда жүзеге асыратын өзгерістерді өзіндік және өзара рефлексиялауға, осы өзгерістердің нәтижелерін оқушылардың дамуына әсерін анықтау мақсатында өзіндік және өзара бағалауға бағдарланды. Портфолио презентацияларынбағалауды тренерлер мен эксперттердің қатарынан құрылған комиссия өткізді. Портфолио презентациясын бағалау белгіленген түйінді критерийлерге сәйкес жүзеге асырылды:
1. Бағдарламаның түйінді идеялары білімін игеру және оны терең түсіну.
2. Бағдарламаның түйінді идеяларын рухани-адамгершілік білім беру практикасында сыныптың, әдістемелік бірлестіктің, мектептің жағдайында қолдануы.
3. Бағдарламаның түйінді идеяларын өзінің жеке өмірінде қолдануы.
Сонымен қатар, қорытынды кезеңі барысында мұғалімдер жалпы білім беретін мектеп қабырғасында өзін-өзі тану сабақтарын және жалпыадамзаттық құндылықтарды интеграциялау арқылы сабақтан тыс жұмыстар өткізді. Бұл сабақтан ерекше сабақтар болды, өздерінің сүйіспеншілікпен дайындаған сыйларын балалардың бірден қабылдап, дәл бір ойшылдар тәрізді талқылағандарын көргенде, өздері таң- тамаша
болып, И.Г. Песталоцци, А. Дистерверг, Я.Корчак, К.Д. Ушинский, В.Сухомлинский сияқты ұлы ұстаздардың бала, баланың мүмкіншілігі мен руханилығы туралы айтқан ойларын дәлелдегендей болды.
Курстың соңында біліктілік емтиханы өткізіліп, қорытынды бағалар шығарылды.
Тыңдаушыларымызбен курстың соңында бір-бірімізді қимай қоштасқанымыз, олардың тату- тәтті бір отбасына айналғанын байқап іштей қуандым, тек осындай бауырмал, жылы жүректі, қарапайым адамдар ғана баланың нәзік жүрегіне жол табарына сенемін.

Қолданылған әдебиеттер тізімі:
1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» // Егемен Қазақстан, 28.01.2012 ж.
2. Мукажанова Р.А., Омарова Г.А. Роль учителя в программе НДО «Самопознание». Учебно-методическое пособие для учителей. – Алматы: ННПООЦ «Бобек», 2013. С.5
3. Мұқажанова Р.А., Омарова Г.А., Р.Муратханова, Тренерлерге арналған нұсқаулық. Базалық деңгей. Алматы, 2015 ж.
Категория: Самопознание | Добавил: АБД (12.12.2016) | Автор: Абдраимовой Асем Бауржановне E
Просмотров: 2798 | Теги: «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «Ақмола об | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]