Главная » Статьи » Самопознание

ПЕДАГОГИКАДАҒЫ ЖАҢА ҰҒЫМ – БҰЛ РУХАНИ ІЗГІЛІК
Бүгінгі күні «Өзін-өзі тану» әлемде баламасы жоқ жеке тұлғаны рухани-адамгершілік тұрғыда тәрбиелейтін бірегей бағдарлама болып табылады. Бағдарлама ғылыми-әдіснамалық негіздерден тұрады. Бағдарламаның басты идеясы: әр мектеп жасына дейінгі бүлдіршін, оқушы мен студентте руханилықтың қайнар көзін сақтап, адамгершілікке баулу. Бағдарлама Қазақстандық тәрбие берудің тұжырмдамалық негіздері сияқты өте маңызды құжаттың түйінді бағыттарын анықтап отыр. Негізгі бағыттар мен нормалар ретінде жалпыадамзаттық құндылықтар қарастырылған.
Бүгінгі заманның басты қажеттілігі – адамдар арасындағы сыйластық, бірін-бірі қадірлеу, бірін-бірі құрметтей білу мен бағалай алуы, яғни адамдардың өзін-өзі, қоршаған ортаны, әлемді тани білуі болса, пәннің әлеуметтік-рухани өмірде алатын орны ерекше.
Рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының стержені «Өзін-өзі тану» пәні болғандықтан, пәнді оқытудың мақсаты- рухани-адамгершілік құндылықтарға негізделген ойы, сөзі, ісі бірлікте өмір сүретін, кемел мінезді адамды дамыту. Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес өзін-өзі тануға, өзін-өзі дамытуға бағытталған жұмыстар мектепте ғана емес, отбасында да ата-аналардың көмегімен жалғасын тауып, өзара ықпалдастық бағытта жүргізіледі.
«Өзін-өзі тану» пәнін Сүйіспеншілік пен Даналық сабақтары деп айтамыз. Сондықтан да пәнді оқытудың қағидаларына гуманистік бағыттағы қағида, жалпыадамзаттық құндылықтар қағидасы, әлеуметтік ынтымақтастық қағидасы, ұлттық мұра қағидасы мен табиғи сәйкестік қағидасы жатады. Ал мұғалімнің міндеті оқушының ішкі әлеуетін, оның рухани-адамгершілік құндылықтар негізіндегі жоғары адамгершілік мәнін ашуға жағдай жасап, «Өзін-өзі тану» пәнін оқыту арқылы мектептегі басқа пәндердің әлеуетін күшейту.
Бағдарламаның рухани-адамгершілік тереңдігін ашу адамзаттың ұлы ойшылдарының ілімдерінен және өмірбаяндарынан тұратын өркениеттің рухани тәжірибесіне сүйенбей мүмкін емес. Ұлы адамдардың өмірбаяны – кемел өмір сүрудің, ойдың, сөздің, істің бірлігінің мысалы болып табылады. Халқымыздың сан ғасырлық тыныс- тіршілігінің өзіндік ерекшеліктерінен туындаған ұлттық тәлім-тәрбиеге қатысты салт-дәстүр, әдеп-ғұрыптарының дені қазіргі этика, педагогика, психология ғылымдары тұжырымдарымен қиюласа, астарласып жатады. [1]
Неге ұстаздарымыз осы бай мұраны дұрыс бағытта қолданбасқа? Әрине, ол үшін ұстаздың өзі ең алдымен осы ұлыларды өз өміріне үлгі тұтқан адам болуы қажет. Қазақтың ұлттық мәдениеті кез келген халықтың мәдениеті секілді мәңгілік рухани-адамгершілік құндылықтарға негізделген. Сонымен қатар, рухани-адамгершілік идеялардан және балаларға деген сүйіспеншіліктен тұратын ізгілік педагогикасының бай мұрасы бағдарламаның ғылыми-педагогикалық негізін құраса, сананың жоғары деңгейлерін қарастырған ізгілік психологиясындағы зерттеулер психологиялық-педагогикалық негіздерін құрайды.
Қазіргі таңдағы ғылымдарда жалпы рухани-адамгершілік тәрбие парадигмасы өзгерістерге ұшырады, ол туралы Ш.А. Амонашвили, А.Джумсаи, В.И. Волынкин, В.П. Зинченко, Д.М. Маллаев, М. Щетинин, Т.И. Петракованың еңбектерінен көреміз.[2]
Ш.А Амонашвили «...Педагогикадағы жаңа ұғым – бұл рухани ізгілік» дейді. Ол бүкіл білім беру жүйесі арқылы өтіп, оның негізі болуы тиіс.[3] Руханилық, ізгілік, сүйіспеншілік, мейірімділік, бейбітшілік, игілік ұғымдарының негізінде педагогикалық сананы өзгерту ғана білім берудегі кедергілерді – қоғамдағы рухсыздық пен өнегесіздікті жеңуге мүмкіндік береді. Расында, мұғалімдерді өзгерту қажет, ол заман талабы, онсыз бүгінгі білім беру жүйесіндегі дамыған елдер қатарына қосылу, алдыңғы қатарлы білім беру жүйесін құру сияқты жасалып жатқан ауқымды іс-шаралар, оған кеткен қаржы далаға кетері анық. Сонда қай жағына қарай өзгерту керек? Аудандарды аралап, біліктілікті арттыру курстарын өткізіп жүріп жаңалыққа көзі түгел ашылмаған, немесе елуді алқымдап қалдым, осының маған не керегі бар деп ескімен отырып қалған, жаңа ғана мектепке келіп, өзінің мұғалімдігін не деп бастарын білмей жүрген мұғалімдерді көп көреміз немесе жаттанды білімге әбден жаттығып, қатып қалған қала мұғалімдері болады... Курстың алғашқы күндері педагогикадағы ізгілік, сүйіспеншілік туралы ой қозғасаң, мұғалімдер шағымдана бастайды, барлығында көп реніш, қанағаттанбаушылық...т.б. себептерді айтады.
Міне, бұл «мұғалімдіктің шынайы мұғалімдіктен» алшақтап кеткендігінің айқын көрінісі. Екінің бірі оқушы мен мұғалім, мұғаліммен ата-ана, ата-ана мен бала арсындағы қарым-қатынастарды дұрыс жолға қою және оны өзінен бастау керектігін терең түсіне білмесе, ондай мұғалімдіктен не пайда? Мүмкін, мектептегі шексіз тексеріс (әдістемелік көмек беру органдары, кабинеттері), шамадан тыс қағаз жұмысы, жоспарды орындауға, цифрлар, мектеп рейтингісі сияқты талаптардан мұғалім әбден шаршаған болар деп те ойлайсың, бірақ «жоқтан барды шығарып» жүрген, ізгілік педагогикасының авторы Ш. Амонашвилиге алғаш рет шабыт берген ұстазы В.Вардиашвили сияқты нағыз ұстаздарымыз да баршылық. Сондықтан да жаңартылған бағдарлама бойынша өткізіліп жүрген біліктілікті арттыру курстарымыз мұғалімдікті шынайылыққа, ізгілікке, өз мамандығын сүюге шақырады.
Ағымдағы жылдың 25-30 қазан аралығында Республикалық «Бөбек» ҰҒПББСО 20 жылдық тойынын атап өтті. Атаулы іс-шараға алыс және жақын шетелдерден келген қонақтар өз тәжірибелерімен бөлісе, біздің елімізде нәтижелі қадамдар жасап келе жатқан «Өзін-өзі тану» бағдарламасының ауқымын көріп, «Бөбек» орталығының республика бойынша барлық білім беру салаларында жалпыадамзаттық құндылықтарды ендіру идеясын қуана құптап, бүгінгі таңда өте қажетті, кезек күттірмейтін көкейкесті мәселе ретінде көтерді.
Тұлғаның рухани-адамгершілік тәрбиесі бойынша жаңа идеялар мен тәсілдер форум қатысушыларының кәсіби тәжірибесін байытатын бірегей шеберлік-сағаттар мен тренингтер арқылы өтті:
Ш.А.Амонашвили, Ресей Білім академиясының академигі, психология ғылымдарының докторы;
П.Ш.Амонашвили, халықаралық ізгілік педагогикасы орталығының президенті, психология ғылымының докторы;
Арт онг Джумсаи, ғалым-педагог (Тайланд, Бангкок);
М.Мейер, Еуропалық адами құндылық институтының директоры;
Могилевская А.П., психолог-кеңесші (Ресей, Мәскеу);
Маллаев Д.М., педагогика ғылымдарының докторы, профессор, РАО корреспондент-мүшесі;
Бейларов Э., психология ғылымдарының докторы, Білім беру институтының меңгерушісі (Әзірбайжан, Баку) және т.б.
Форумға қатысушылар рухани-адамгершілік тәрбие мұғалімдерді шабыттандырып, білім алушылардың тағдырына деген сенімін, сүйіспеншілігін оятады деген ортақ пікірде болды.
Жаңартылған «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының идеяларын жүзеге асыру төртші жылдан ғана асып жатса да біліктілікті арттыру курсын өткен ұстаздарымыз өзінің жеке және кәсіби өміріндегі елеулі оң өзгерістері жайлы айтады. Бағдарламаның идеяларын тәжірибеде қолданып, жалпыадамзаттық құндылықтарға сәйкес әрекет жасай, олардың әрқайсысы өз өмірінің шынайы жаратушысына айналады. Курсқа дейінгі және курстан кейінгі өткізген сабақтарын салыстырып, сабақтың жаңартылған құрылымы туралы оң көзқарастарымен бөліседі. Оқушылармен, ата-аналармен өткізілген сауалнамалар нәтижелері жаңартылған бағдарлама бойынша біліктілігін көтерген ұстаздың заманауи келбетін қалыптастыруда: ол өз оқушыларына өмірдің мәні туралы терең ой салатын, дәстүрден тыс сабақ үлгісін ұсыну арқылы адалдық, мейірімділік, шынайылық пен ой тазалығына тәрбиелейтін, ізгілік педагогикасының қағидаттарын ұстанатын адам. Өткізіліп жатқан барлық іс-шаралардан «Өзін-өзі тану» жаңартылған бағдарламасының алғашқы ауқымды нәтижелерін байқап жүрміз. Сонымен қатар, жалпыадамзаттық құндылықтарды тәрбие мен білім берудің өзегі ету мақсатында облысымызда «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы бойынша пилотты білім беру ұйымдары белгіленіп, жұмыстарын бастап кетті.
Алдағы уақытта білім беруді ізгілендіру жағдайында педагог миссиясының жаңа түсінігі – оқушының өзін-өзі тануы мен өзін-өзі жетілдірудің шабыттандырушысы болу, өзін ашуға көмектесу, шексіз адами әлеуетін жетілдіру, қоршаған ортамен үйлесімді қарым-қатынас орнату. Ал, баланы дұрыс тәрбиелеу үшін ең алдымен мұғалімнің өзі үлгі бола білуі, мектепке кемел мұғалім керек екендігі, сабақтың қызықты өткізілуі, оның рухан-адамгершілік деңгейі, кәсіби құзыреттілігі, қарым-қатынас мәдениеті, жағымды ойлауы, өзі де жақсы болып, басқаларға пайдалы болуына баса назар аударылуы шарт. Ең маңызды мәселе оқыту үдерісінің жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделуі, оның тұтас білім беру үдерісінде үздіксіз іске асырылуына көңіл бөле, кез-келген пәнді жалпыадамзаттық құндылықтармен интеграциялау керек және оның мазмұнын ашуға көңіл бөлу қажет. Оқушылармен жұмыс жасауда рухани бастауларды ашу, олардың жүректеріне жалпыадамзаттық құндылықтарды сіңіру, оқушыларды шабыттандыру және сабақ барысындағы қолданылатын әдіс-тәсілдерді (тыныштық сәті, дәйексөз, әңгімелеу, диалог, ойындар, саханалау, ән айту, аңыз-әңгімелер, шығармашылық жұмыс және т.б.) пайдалану пилоттық білім беру ұйымдарының жауакершілігінде болмақ.
Ең бастысы ұрпақ тәрбиесінде ата-ана, ұстаз, білім беру ұйымдарын басқарушы әкімшілік өздері үлгі бола отырып жас өркенді ақпараттар ағымымен қаруландыруды ғана мақсат тұтпай, адами құндылықты, рухани-адамгершілік тәрбиені жас ұрпақтың бойына сіңіруде нақты іске көшудің жолдарын жасау қажет, өйткені қоғамға жүрегі ашық, ақыл-ойы кең, риясыз қызмет ететін білімді адамдар қажет.



Қолданылған әдебиеттер:

1. Тренерге арналған нұсқаулық. Базалық деңгей, Алматы, 2015 ж.
2. Роль учителя в программе нравственно- духовного образования «Самопознание», Алматы, 2013 ж.
3. Ізгілік педагогикасы туралы ойлар, Амонашвили Ш. А. ,Москва - 1996 ж.
Категория: Самопознание | Добавил: АБД (02.02.2018) | Автор: Абдраимова Асем Бауржановна E
Просмотров: 1967 | Теги: тренер ФАО НЦПК Өрлеу ИПК ПР по Акм | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]