Главная » Статьи » Самопознание

МЕКТЕПТІҢ ОҚУ ЖҰМЫСЫН «ӨЗІН-ӨЗІ ТАНУ» РУХАНИ-АДАМГЕРШІЛІК БІЛІММЕН ИНТЕГРАЦИЯЛАУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
МЕКТЕПТІҢ ОҚУ ЖҰМЫСЫН «ӨЗІН-ӨЗІ ТАНУ» РУХАНИ-АДАМГЕРШІЛІК БІЛІММЕН ИНТЕГРАЦИЯЛАУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Абдраимова А.Б.,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «Ақмола облысы бойынша ПҚ БАИ», «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы бойынша тренер

Балалар мен жастарға рухани-адамгершілік білім беру қоғамда жоғары рухани- адамгершілік игіліктерді нығайтудың, кемел мінез бен адамгершілік қасиеттерге ие лайықты азаматтарды тәрбиелеудің тірегі болуды мақсат тұтады.
Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат. Бұл мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтеріліп, «... Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек», - дейді.[1]
Қазіргі заманда ғылым мен білім, ақпараттық технология, техника қаншалықты қарыштап дамыған сайын, адамның бойындағы рухани-адамгершілік қасиеттерінің соншалықты төмендеп бара жатқанын күнделікті өмірде көріп отырмыз. Атап айтар болсақ: тастанды бала, қарттар үйі, қатыгездік, табиғатты ластау, ағашты кесу, алдап соғу, жемқорлық, өлтіріп кету, өз- өзіне қол салу, т. б. толып жатыр. Адамзаттың ең асылы –«адам» деп қарайтын болсақ, онда адамның азғындауына не себеп? Әлде заман кінәлі ме?-деген сұрақтар туындайды. Көпшілігі «заманына қарай адамы» деген ұстаныммен өмір суруде. Ал, заманды құрайтын адам емес пе? Міне, сонда барлығы қайтадан адамға келіп тіреледі.
Қоғамның осындай қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білімі жобасының авторы, еліміздің Бірінші Ханымы Сара Алпысқызы тұңғыш рет мемлекеттік деңгейдегі өскелең ұрпақты жалпыадамзаттық құндылықтарға үйрету мәселесін көтерді.
«Бұл жобаны біз «Өзін-өзі тану» деп атадық, – дейді Сара Алпысқызы – өйткені адам әуелі өзін-өзі, өзінің мүмкіндіктерін, өзінің өмірдегі орнын танып білмесе, ол тағдыр қолындағы ойыншыққа айналады. Егер де «біз кімбіз?», «қайдан пайда болдық?», «бұл өмірге не үшін келдік?» және «қайда барамыз?» – деген терең философиялық сауалдар төңірегінде мәселе қозғасақ – ол өзіміздің көзқарасымызды, өзіміздің ішкі «Менімізді» адамгершілік жағына қарай өзгертуге жасаған алғашқы қадамымыз болғаны…».

Оқыту үрдісіне жалпыадамзаттық құндылықтарды енгізу арқылы адамның рухани өсуіне жағдай жасаймыз. Мәңгілік құндылықтар білімнің негізгі өзегі болып табылады. Жалпыадамзаттық құндылықтарды адамның бойынан жарыққа шығару ізгілікке апарады, яғни, мінезін өзгертуге болады. Адамның жақсылыққа ұмтылуы, ақиқатқа жүгінуі оның болмысынан ішкі жан дүниесінде бес құндылықтың бар екенінің дәлелі емес пе?
Бастысы – пәнді оқыту емес, пәнді оқыту арқылы тұлғаны рухани-адамгершілік тұрғысынан дамыту
Оқыту үдерісіндегі ең маңызды – балалардың белгілі бір білім қорын жинауы емес, ішкі ар-ұжданының үніне сәйкес өмір сүретін, ізгі мінез – құлықты тұлға болуы. «Мектептегі кез-келген пән баланы адамгершілікке тәрбиелеуі қажет» дейді Ш.А. Амонашвили.
Сондықтан да тұтастай білім беруді қолға алу қажет, ол сыртқы білім мен ішкі білімнің үйлесімділігі болады.
Тұтас білім беру үрдісінде
-адам тұлғасының барлық аспектілері - ақыл, қол және жүректің үйлесімді дамуы қарастырылады;
-сабырлы тұлғаны дамыту;
-адамның жаратылысынан бар рухани-адамгершілік қасиеттерін анықтап, күнделікті өмірде жүзеге асыру
Мақсаты – ойы, сөзі мен ісінің бірлігі көрініс беретін мінез-құлыққа тәрбиелеу.
«Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру мен мектептегі басқа пәндерді интеграциялаудың дүниетанымдық негіздері әлемді және адамды тұтас түсінумен анықталады. Олар тек биологиялық және әлеуметтік табиғатқа ие емес, сонымен бірге жоғары рухани негізде түсіндіріледі. Ол қоршаған ортада өмір, қозғалыс, даму, тәртіп, үйлесім ретінде көрініс береді; ал адамның санасында мәңгілік жалпыадамзаттық құндылықтар ретінде көрінеді.[2]
Интеграциялау үдерісі өзара байланыстылық және өзара толықтыру негізінде жүйенің бұрын ажырап кеткен бөлшектері мен элементтерін біртұтас жүйеге біріктіру болып табылады.[3]
«Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білімнің басқа пәндермен интеграциясы – ол, ең алдымен мектептегі білімді жандандыру, оның рухани-адамгершілік болмысын жарыққа шығару, ол – біртұтас білім, барлық пәндерді мәңгілік жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде жинақтау және саналуандылықтың біртұтастығын көре білу. Мәңгілік құндылықтар білім берудің ошағына айналуы керек, басқаша айтқанда, біз оқытатынымыздың барлығының біртұтас екендігін көрсетуіміз керек.
Өзін-өзі тану – біртұтастықты, адами және руханилықты қамтамасыз ететін метапән болып табылады.
Интеграциялаудың 2 түрі: сыртқы интеграция- өзін-өзі тану пәнінің әдістемелік тәсілдерін қолдану болса, ал ішкі интеграция -ұлы ғалымдардың өмірінен және ғылымның даму тарихынан шабыттандыратын мысалдар келтіру, қазіргі ғылымның жаңалықтарымен таныстыру, әр оқу пәнінің мазмұнынан жалпыадамзаттық құндылықтарды анықтау арқылы оқу пәндерінің құндылықтық әлеуетін күшейту. Яғни сабақтан оқушы терең оймен шығып, өзіне қажетті білімді алумен қатар санасының бір деңгейлері оянып, мейірімділік, қанағат, қарапайымдылық, жанашырлық сияқты адами қасиеттердің өзінде бар екендігіне көзі жетіп, оны әрі қарай дамытуға талпынуы қажет.
Интеграциялаудың қарапайым мысалдары: А.И.Гончаренко «Жүрек кеңістігі жоғарғы сананың негізі ретінде» еңбегінен: «...Бізде екі тәндік байланыс бар: жүйке және жүрек, екі сана: біріншісі – жүректің санасы, екіншісі – мидың санасы. Жүрек миынан ақпарат бас миына 6-8 секундта жетеді. Бұл уақыт аралығында ақпарат жүрекке жеткенге дейін кейбір әлсіздіктерге жол беріп алмауымыз керек. Себебі, келген сигналға байланысты бір нәрсені айту немесе іс-әрекет жасау үшін біз аздап жүрекпен «ойланамыз», яғни келген ақпаратты жүректен өткіземіз, демек, артық немесе дөрекі сөздер айтудың, қателіктердің, қаншама мәселелердің алдын аламыз. Оқушылармен жүрекпен тыңдай білу, жүрекпен ойлай алу, жүректің көзімен көре білу, жүректің шешімімен қабылдау, туралы әңгімелесіңіз «қабырғаңмен кеңес» сөз тіркесіне мән беріңіздер».
Математика пәні мұғалімінің ұмытылмас сабағы: «Бір күні, студенттерге өмір үшін ұмытылмас сабақ үйрету ниетімен физика және математика факультетінің профессоры, тақтаға 1 санын үлкен етіп жазып, студенттерге қарап жазғанын былай деп түсіндірді: «Бұл сіздердің адамгершілігіңіз, өмірдегі ең қажетті асыл қасиет. Содан кейін 1 санының жанына 0 санын жазып былай деді: «Бұл сіздердің жетістіктеріңіз, яғни адамгершілік 10 есеге өсті.» Содан кейін бірнеше 0 санын жазып отырып адамның бойындағы жақсы қасиеттерді айтып шықты профессор.
Кенеттен ол сандардың басында тұрған 1 санын өшіріп тастады. Тақтада ешқандай мәні жоқ бірнеше тізбектелген 0 саны ғана қалды.
Профессор былай деді: «Егер сіздерде адамгершілік қасиеті болмаса, қалғанының - еш құны жоқ».
Физика пәнімен интеграция мысалы Абсолюттілік теориясы. Сіз бұл тақырып оқулықта жоқ деп айтуыңыз мүмкін. Мәселе мынада: А.Эйнштейнге дейін абсолюттік шамалар ретінде уақыт, кеңістік, масса, энергия қарастырылды. Өзінің теориясының екінші постулатында Эйнштейн абсолюттік шама ретінде жарық жылдамдығын қарастырады. Табиғат құбылыстарын Эйнштейн жарықпен өлшей бастады десек болады. Өзінің бір хатында ол былай жазады: «Енді «салыстырмалық теориясы» туралы. Ол дұрыс аталмаған және и көп жағдайда философиялық түсінбеушіліктер туындатты». Өзінің теориясын кей кезде әңгіме барысында Эйнштейн Абсолюттілік теориясы деп атайды. Абсолюттілік теориясы ғылымға және бәрімізге «Жарық барлық жағынан абсолютті. Қалғандары оған қарағанда салыстырмалы!» деген хабарды әкелді. Өкініштісі, салыстырмалық теориясының нәтижелерін өзінің өміріне қатысты қолданғанда, адам Эйнштейнге сілтеп: «Бәрі салыстырмалы!» деп өзінің қылықтарын жеңіл ақтағысы келеді. Оқушылар Эйнштейн теориясын абсолюттілік теориясы деп ұқса, олар өздеріне: «Салыстырмалықпен шектелмеймін! Менің өмірімнің мақсаты –Абсолюттілікке ұмтылу болып табылады» деп айтуына болады.[4]
«Ұстазым, мені шығармашылыққа шабыттандыр!» 2012 жылы Мәскеу қаласында өткен ізгілік педагогикасы бойынша халықаралық Педагогикалық оқуларда Саша есімді бала ортаға шығып мұғалімдерге мынадай суреттер салып берген екен.
Бірінші суретте ол өзара байланысы жоқ, қозғалмайтын, жансыз, фрагменттерге бөлінген әлем - жансыз білімді көрсетсе, екінші суретте ол жанды, сүйіспеншілікке бөленген біртұтас әлем - жанды білімді көрсете, біз осындай білім қажет деген екен. Ш.А. Амонашвили
«Балалар білімді аңсайды, бірақ олар жанды білімді аңсайды» дейді. Енді өздеріңіз ойлап қараңыздар, менің беріп жатқан білімім қандай деп....

Қолданылған әдебиеттер:

1. https://egemen.kz/article/nursultan-nazarbaev-bolashaqqa-baghdar-rukhani-zhanhghyru
2. Мукажанова Р.А., Омарова Г.А. «Самопознание» и другие учебные предметы: возможности интеграции содержания и методов. УМП для учителей.- Алматы: ННПООЦ «Бөбек», 2013.
3. Энциклопедический социологический словарь.- М., 1995.
4. “Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы. Адамның үйлесімді дамуы институты. Біліктілікті арттыру курсы материалдары. 2016.
Категория: Самопознание | Добавил: Almaz (06.09.2018) | Автор: Абдраимова Асем Бауржановна E
Просмотров: 1117 | Теги: Абдраимова А.Б., «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «Ақмола об | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]