Главная » Статьи » Школьный психолог

"Баланың психологиялық денсаулығы" атты кездесу сағаты
"Баланың психологиялық денсаулығы" атты кездесу сағаты
"Мақсаты:
- Педагогтарды «Психологиялық денсаулық» түсінігімен таныстырып, балалардың денсаулығын қорғау және нығайту жолдарын көрсету.

Өту барысы:

Педагогтарды психолог тақырыппен және мақсатымен таныстырады.

«Психологиялық денсаулығы деген не?» тақырыбында ақпарат беру:
Денсаулық - бұл физикалық ақау мен аурудың жоқ болуы ғана емес, толық физикалық, жан және әлеуметтік саулық күйі. (Әлемдік денсаулық сақтау ұйымының жарғысынан)
Психологиялық саулық тұлға ерекшелігіне байланысты, ол адамның әлеуметтік өзін сезінуі мен оның өмірлік күш-қайратының маңызды құрам бөлігі болып табылады.
Психологиялық саулық критерилері:
 психикалық тепе-теңдік,
 психиканың өзгермелі ортаға тез бейімделу мүмкіндігі,
 айналаны дұрыс қабылдау және оған сәйкес саналы әрекет жасау,
 мақсаткерлік, жұмысқа қабілеттілік, белсенділік,
 толыққанды отбасылық өмір, олар үшін жауапкершілік,
 өзіне сенімділік, реніштерге берілмеу, жеке даралық,
 мінез-құлықтың тәуелсіздігі мен табиғилығы,
 әзіл сезімі, мейірімді қатынас, өзін дұрыс бағалау.

Ал енді келесі кезекте аңыз тыңдап, жаттығуларды орындап, ой түйейік. Қалайша баланың психологиялық денсаулығын қорғап, нығайтуға болатындығын бірге талқылайық.
«Жасампаз адам» аңызы

Қызы әкесіне келіп мұңын шағады.
Қызы:
- Әке, мен шаршадым. Өмірде көп қиыншылықтарға тап болдым. Істеген істерім оңға баспай, жұмсаған күш-жігерім зая кетіп жатыр. Менің әлім құрыды. Не істерімді білмеймін? – дейді.
Әкесі делсал болған қызына аяушылық білдіріп, ойға шомылды. Айтайын деген ақылын сөзбен емес, іспен көрсетпек болып, оны ас бөлмесіне шақырды. Ол үш бірдей ыдысқа су құйып, отқа қойды. Біріне сәбіз, екіншісіне жұмыртқа, ал үшіншісіне кофе дәндерін салды.
Біраз уақыт өткеннен кейін әкесі ыдыстардың ішіндегі сәбіз бен жұмыртқаны алып шықты, кофені кесеге құйды.
Әкесі қызынан:
- Не өзгерді? - деп сұрады.
Қызы:
- Сәбіз бен жұмыртқа пісті, ал кофенің дәндері суда еріп кетті, - деп жауап қайтарды.
Әкесі:
- Жоқ, қызым. Бұл сенің оларға үстіртін көзқарасың ғана. Қарашы, қатты сәбіз қайнаған суға еніп, жұмсарып, былжырады. Ал нәзік әрі сұйық жұмыртқа қатайды. Сырттай олар сол қалпында қалды, алайда қайнаған судың әсерінен олар өздерінің құрылымын өзгертті. Адамдар да осы сияқты, сырттай күшті көрінгенмен сыртқы жағдайлардың ықпалынан ез болуы мүмкін, ал кей жағдайда сылбыр мінезді адамдар қатайып, мәселелермен кездескенде олармен күресіп, нығая түседі.
Қызы:
- Ал кофе ше? – деп сұрайды.
Әкесі бұл сұраққа былай жауап берді:
- О, бұл ең қызықты дүние! Кофе дәндері жаңа ортада толықтай еріп, оны өзгерте алды, қайнаған суды тамаша дәмді сусынға айналдырды. Арамызда айналадағы ортаның жағдайларына бағынбайтын ерекше адамдар бар, олар бұл жағдайларды өздері өзгертеді және жағдайларды өз пайдасына келтіреді.
Сөйтіп, кофе құйылған кесені қызына ұсына отырып, әкесі оның дұрыс шешім қабылдауына жол сілтеді.

Талдау
- Бұл аңыздың мәнісі не?
- Баланың денсаулығына қандай қатысы бар?

Қорытынды:
Балалармен жұмыс істегенде оларға тиімді жол көрсету, кей кезде дәстүрлі емес жолдармен жүру, сонымен қатар кез келген жағымсыз жағдайдың жақсылығын көре білуге үйрету.

«Ашулы шарлар» жаттығуы

- Шарды үрлеп, оларды байлаңыздар. Шарлар адамның денесін бейнелейді, ал оның ішіндегі ауа, сенің сезімің. Шарды аяқтарыңмен жарыңдар. Шарды жарғанда қандай сезімде болдыңыздар. Ашудың осылай шыққаны дұрыс па? Ондай ашудан кейін қандай көңіл-күйде боласыз? Қатты жарылған шар – агрессияны білдіреді, ол қатерлі жол. Енді шарды қайтадан үрлеңіз де, байламай ұстап тұрыңыз. Шарлар ашу толы сезімді білдіреді, енді шардың жарты ауасын жіберіңіз. Шар кішірейді, бірақ жарылмады. Бұл нені білдіреді? Біз ашуды бақылап шығарсақ, ол ешкімге зақым келтірмейді. Енді шардағы ауаны толығымен шығарып жіберіңіздер. Бұл нені білдіреді? Ашудың қауіпсіз жолын табу әр адамның қолында.
Қорытынды:
Балалармен жұмыс істегенде ашу-ызаны бақылайық. Оны өзіңізге де балаларға да зияны келмейтіндей дұрыс жолмен шығарайық.

«Шеңбер бойынша сурет салу» арт-терапиясы
Шеңбер бойы отырған қатысушыларға А4 ақ параққа түрлі түсті бояумен өзінің ойына бірінші не келді сол бейнені сала бастайды (жәй әуен ойнап тұрады), 2 минут өткен соң әуен тоқтайды, аяқталмаған суретті келесі көршісіне ұсынады, осылайша өз суретіңіз қайта оралғанша шеңбер бойымен жалғаса береді. Өзің бастаған сурет өзіңе келгенде, суреттеріне қарап, тақырып беріп, талдау жұмысы жүргізіледі.
Қорытынды:
Балалармен жұмыс істегенде бәрі өз ойыңдағыдай бола бермейді. Басқаның (баланың, ата-ананың) көзқарасын есепке алу керек, идеалды еш нәрсе жоқ, бәрінде бір кемістік болатынына көз жеткізу.

Баланың психологиялық денсаулығын көп жағдайда ата-анаға байланысты. Келесі кезекте ата-анаға баласының жағымсыз жақтарын қалай хабарлауға болатынын сөз етпекпіз.

Балалармен жұмыс істейтін тәрбиешілер ата-аналарға баланың бойындағы жағымсыз қылықтарын айтуға міндетті. Тәрбиешілерге қарсы шығып, қияңқы мінез көрсететін балалардың ата-аналарымен жұмыс істеу қиын. Ата-ана мен тәрбиеші арасында баланың қылықтарынан пайда болған жағдайды немесе баланың бойындағы қылықтарын дұрыс жеткізе алмауынан ата-ана екеуінің арасында түсінбестік пайда болады. Себебі әрбір естіген сөздерін ата-ана ұмытпайды және тәрбиешіні көрген сайын айтылған сөздері еске түседі де тәрбиеші мен ата-ана арасында түсінбестік өше түседі.
Әрине, ата-анаға баланың бойындағы жағымсыз қылықтары айтылу керек. Тек қана ол тура мағынада емес, ата-ана алдында тәрбиеші өз дәрежесін төмен түсірместей етуі керек, ал ата-ана дұрыс түсінетіндей қылып, тәрбиеші сөзінен балаға деген жанашырлық байқалуы керек.
Ең бастысы ата-анаға хабардарды айту кезінде тәрбиеші жеке әңгіме жүргізу керек. Яғни ол топ ішінде басқа ата-аналардың қатысуымен айтылмауы керек.

Бала туралы жағымсыз ақпарат хабарлаудың бірнеше түрі:
1. Ата-аналармен әңгімелесу кезінде айыптамай, қиындықтарды шешу жолдарын бірлесіп табуға екпін қылу, бұл аса әсерлі әңгіме құруға көмек береді.
Осындай сөйлемдерді қолдануға болады:
– «осындай жағдайда немен қызықтыруға, қалай басқа жаққа ауысуға көмек беруге немесе көңілін тоқтатуға қалай болатыны туралы ойланайықшы» және т.б. ең бастысы ата-анаға қиындықтан бірге шығуға ұсыныс беру (осылай немесе басқаша істеп көрейік), яғни ата-аналарға серіктесуге, көмек ұсынамыз. Ата-аналарды жұмысқа тартуға болады, мысалға, біз топта осындай нұсқаны көрдік, ал сіз үйде?
2. Бала туралы жағымсыз ақпаратты жағымды жағынан көрсетуге болады, ата-анасының өзіне жағдайдың мәнін айтуға мүмкіндік беріп...
– «Арман бүгін сабақта 5 минут ішінде өте мұқият тыңдады...»
Әрине, ата-аналар сабақ одан да ұзақ өтетініне хабардар және материалды меңгеруге жеткіліксіз екенін біледі.
3. Сонымен қатар ата-аналарға баласының іс-қимылдары туралы «сэндвич принципін» қолдануға болады: бала туралы жақсы ақпарат жаманнан ерте болу керек, ал аяқталу тағы да жақсылықпен біту керек. Әңгімелесудің бірінші бөлігі екіншіні қабылдауға эмоционалды фон даярлайды, баланың тұлғасы туралы емес, ақпаратты жинақтамай, оның барысында педагог оқушының істері жайлы айтады. Ал үшінші кезең баланың мықты жақтарын анықтауды қосады, бұл баланың қиындықтарын сындарлы шешімді іздеу үшін тірек бола алады (бірінші тәсілді пайдалана баланың мықты жақтары туралы сөйлесуге болады).
Міне, осылайша біз ата-анамен қақтығысты азайтып, баланың денсаулығын қорғап қаламыз. Мұнда ата-анаға дұрыс жол көрсеткен абзал.
Қорытынды
Педагогтардың ойларын тыңдау

Баланың психологиялық денсаулығы – оның болашақтағы жақсы қарым-қатынасының кілті, өзіне деген сенімділіктің негізі және отбасының мерейі. Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз.
Категория: Школьный психолог | Добавил: Рузаевна (07.06.2017) | Автор: Калиева Гулдана Рузаевна E
Просмотров: 1959 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]