Главная » Статьи » История

ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы әдебиеті
Сабақтың тақырыбы: ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы әдебиет
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: 1920- 1930 жылдардағы әдебиетке шолу жасау, танымал жазушылардың белгілі шығармаларын атау және олардың мазмұнымен таныстыру, әдебиетте қалыптасқан екі ағымның мәнін ашып түсіндіру.ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақтың ақындары мен жазушылар жайлы оқушыларға жан-жақты таныстыру үшін, алдын-ала ұсынған әдебиеттер бойынша, өз беттерімен дайыңдалып келген білімдерін дамыту, қалыптастыру, бағалау, белсенділігін арттыру
Дамытушылық:Қазақ көркем әдебиетінде екі ағымның қалыптасқанына оқушылардың назарын аудара отырып, оқушылардың логикалық ойлау, өз ойын ашық айта білу және салыстыру арқылы қорытынды жасай алу қабілеттерін одан әрі дамыту.Ой-сезімді дамыту, ауызекі сөйлеу мәдениетін қалыптастыру
Тәрбиелік: Ақын-жазушылардың еңбектеріне талдау жасау арқылы балаларды отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеу.

Сабақтың типі: жаңа білім беру.

Сабақтың түрі: Кіріктірілген сабақ.
Пәнаралық байланыс: Қазақ әдебиеті

Керекті құралдар: ақын-жазушылардың портреттері, тақырыпқа байланысты слайд.

Сабақтың әдісі: Сыни тұрғыдан ойлау технологиясының стратегиялары
Сабақтың құрылымы:
І. Ұйымдастыру кезеңі.(2-3 мин.)

ІІ. Үй тапсырмасын сұрау.(10 мин.)

ІІІ. Үй тапсырмасын бекіту.(2-3 мин.)

ІҮ. Жаңа сабақты меңгерту. (20 мин)

Ү. Жаңа сабақты бекіту(3-4 мин.)

ҮІ. Қорытынды(2 мин)

ҮІІ. Үй тапсырмасы(1 мин.)

Сабақтың барысы:
1. Ұйымдастыру кезеңі: оқушыларды түгелдеу, нәтижелерді топ журналына жазу, оқушы назарын сабаққа аудару, поэзия минуты.
- Амансыңдарма, ұл-қыздар, әзірміз бе сабаққа?
Әдебиет - сөз өнері, Сай келейік талапқа.
Бар ма үйден дайындық? Тапсырмаңыз дұрыс па?
Оқымасаң уайым қып, тығылмаңыз қуысқа.
Ойымызды айтайық. Білімімізді байқайық.
Тексеруші ұстаздар қалсын бір сәт марқайып.
Қызығушылықты ояту. «Болжау» стратегиясы
ТҰРСЫН Ж ҰМАШ
Поэзия - менің адал досымсың,
Құпияңды түсінбеймін - осым шын,
Мидан бұрын озып туған мың жылға
Сен бір ғажап құбылыссың, қынжылма.
Есен-аман жүріңдерші бір сендер,
Қайта оянып, көздеріңді ілсеңдер—
Ғарыш жақтан жымыңдайды бір ЖҰЛДЫЗ
Өлең үшін туғанымды білсеңдер
Балалар бүгінгі сабағымыз әдеттегіден өзгеше екендігін байқадыңыздар. Қалай ойлайсыздар, мен бүгінгі сабақты неге өлең шумақтарымен бастадым?Бүгінгі сабағымыздың тақырыбы не туралы болады деп ойлайсыздар?
Балалар, бүгінгі тақырыбымыз «Қазақ әдебиетіне» арналады.
Топтарға бөлу . Топ басшысына бағалау парағын тарату, Бағалау критерийімен таныстыру

І топ:
1. Қазақстанды географиялық, тарихи және этнографиялық жағынан зерттеумен айналысатын тарихи-статистикалық бөлім қашан құрылды? (1919 жылы желтоқсанда).
2. 1920 жылы Табиғи өндіргіш күштерді зерттеу комиссиясы жанынан құрылған тұрақты және маусымдық экспедициялар немен айналысты? (Қазақстанның жер қойнауын, фаунасын, климатын, аумағын,мәдениетін, тілін кешенді ғылыми зерттеумен).
3. 1920 жылы құрылған алғашқы экспедиция Қазақстанның қай өңіріне аттандырылды? (Орынбор-Торғай).
4. КСРО ҒА-ның Қазақстандық базасы қай жылы құрылды? (1932 жылы, наурызда).
5.КСРО ҒА-ның қазақстандық экспедициясы отрядтарының негізінде құрылған жаңа экспедицияларының саны: (8).
6. 1938 жылы КСРО ҒА-ның Қазақ филиалының төрағалық қызметіне кім тағайындалды? (академик А.Д. Архангельский).
7. Екінші дүние жүзілік соғыс қарсаңында КСРО ҒАҚФ-ның құрамында қанша ғылыми қызметкер жұмыс істеді? (100-ге жуық).
8. Қазақстанның Ғылым Академиясы қай жылы құрылды? (1946 жылы 1 маусым).
ІІ топ:
1.КСРО ҒА-сы жанынан одақтас және автономиялық республикаларды зерттеу жөніндегі Ерекше комитет ұйымдастырылған жыл: (1926 жыл).
2. Қазақ АКСР-ін кешенді зерттеудің бесжылдық жоспары қай жылы жасалды? (1926 жылы).
3. КСРО ҒА-ның Қазақстандық базасының төрағасы: (А.Н.Самойлович).
4. КСРО ҒА-ның Қазақстандық базасы құрылымдық жағынан алғашқы кезде қанша секторға бөлінді? (2 зоологиялық және биологиялық).
5. КСРО ҒА-ның Қазақстандық базасына 1935 жылы қай секторлар қосылды? (геология мен тарих).
6. Ленин атындағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының Қазақ филиалы қай жылы ашылды? (1940 жылы).
7. КСРО ҒА-ның Қазақстандық базасы 1938 жылдан бастап қалай аталды?(КСРО ҒА-ның Қазақ филиалы).
8. 1934 жылы ашылған Қазақ ұлттық мәдениеті ҒЗИ-ның секторларын ата. (тарих және археология, тіл құрылысы, әдебиет пен фольклор, т.б.).

Мағынаны ашу. Жаңа сабақ.

А) жаңа сабақтың тақырыбы мен мақсатын хабарлау.
Ә) жаңа сабақтың жоспарын дәптерлеріне жаздыру.

1. ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстан әдебиетінің өкілдері, олардың шығармалары.
2. Қазақстан әдебиетінде қалыптасқан 2 ағым.
3. Қазақстан қаламгерлерінің қудалануы.
Оқушыларға өз бетінше жұмыстану мақсатында берілген тапсырмалар бойынша:
І-топ тапсырмалары
1-оқушы. Жамбылдың ақын-жырау ретінде қалыптаса бастаған кезі Ресей отаршылдары – бір жағынан, Қоқан хандығы – екінші жағынан, жергілікті жандайшаптар- үшінші жағынан қазақ халқын әлеуметтік саяси қыспаққа алған шақ еді. Жаны сергек, санасы өрелі Жамбыл өзінің «Шағым», «Жылқышы», «Шәбденге», «Сәт сайланарда», «Өстепкеде», «Патша әмәрә тарылды», «Зілді бұйрық» сияқты өлеңдерінде елдің әлеуметтік саяси өмірін ақындық шыншылдықпен азаматтық жауапкершілікпен бедерлейді. Жамбыл Қазан төңкерісінен кейінгі елдің саяси-әлеуметтік өміріндегі тарихи өзгерістерге үлкен үмітпен ден қояды.
2-оқушы. Нұржан Наушабаев діни-ағартушы бағыттың көрнекті өкілі. Жазба әдебиеттің қалыптасуына үлкен үлес қосты. «Манзүмат қазақия», «Алаш» кітаптарының авторы. Өзі өмір сүрген заман жайында, жақсылық пен жамандық, әділдік пен әділетсіздік, байлық пен кедейлік жөнінде шығармалар жазды.
3-оқушы. Шәді Жәңгіров – шығыстың озық үлгілі әдебиетінің назирагөйлік дәстүрін берік ұстанған, шығыс поэзиясындағы белгілі тақырыптар мен сюжеттерді өзінше жырлап, идеясы мен мазмұны тұрғысынан мүлдем жаңа, төл туынды жасаған ақын.
4-оқушы. Мәшһүр Жүсіп Көпеев (1858-1931). «Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз» (1907) атты кітабында өз дәуірінің сипатын суреттеп, көкейкесті мәселелерді көтере білді.
5-оқушы. Мақыш Қалтаевтың (1869-1916) «Қалтайұлының қазақ ахуалынан бохас еткен манзұмасы», «Қазақтың айнасы», «Біраз ғибрат сөз», «Насихат қазақия», «Бар оқиға», «Тура жол» атты жинақтарында дінді адам жанының рухани тазаруы ретінде ұсынды.
ІІ-топ тапсырмалары
1-оқушы. Шәкәрім Құдайбердиев (1858-1931) шығармашылығы қазақ әдебиетіндегі Абайдан кейінгі ірі құбылыс. Алғашқы жинағы «Қазақ айнасындағы» өлеңдері қамтитын тақырыптарының бастысы – адам тағдыры, адам өмірінің мәні, адамгершілік тәрізді философиялық категориялар. . Лирика жанрында өнімді еңбек еткені. «Сәнқойлар», «Еріншек», «Қазақтың жаманы болмас». Сыншыл сарындағы лирикасындағы ой-толғамдардың, көркемдік құралдардың Абай дәстүрімен үндестігі. «Шын сырым», «Арман», «Жастық туралы» атты шығармалары. Поэмалары - «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Нартайлақ-Айсұлу» поэмалары жазба әдебиетке тән тарихи-әлеуметтік, әдеби-эстетикалық талаптарға толық жауап беретіндігі.
«Үш анық» өлеңі
“Ей жастар, қалай дейсің бұл дүние?
Мұны бүйтіп жаратқан қандай нәрсе?
Білімсіз мақсұтсыздан шыққан болса,
Мақсұт, білім, ой шықты мұнан неге?
Керексіз жаратылған бір тозаңы жоқ,
Тәртіпті, таң қаларлық зор мәшине.
Алыстан іздемей–ақ, ойласаңыз,
Көру үшін жаралған көзіңіз де.
Себебі, толымдының ісі толық
Ең түпкі жаратушы – мінсіз ие.
Күш, білім, шеберлікті іс білгізер,
Есті, мінсіз – шебердің ісі емес пе?”.
2-оқушы. Қалқаман-Мамыр
Қалқаман қыз айттырмай жүреді екен,
Мамырды жас күнінен біледі екен.
Асықтығын айта алмай іштен жанып,
«Құрбымыз» деп құр ойнап-күледі екен.

Мамыр жылқы бағады күндіз барып,
Тымақ киіп, қолына құрық алып.
Қалқаман Мамырменен малда жүріп,
Біраз сөз сөйлесіпті, кез боп қалып.

Жігіт сонда қызға өзін сүйдірмекке,
Асық болса оны да күйдірмекке,
Жұмбақ мысал сықылды бір сөз айтты,
Көңіліндегі мақсұтын түйдірмекке:

- Ей, Мамыр, адамды Алла жаратыпты,
Хауа Ананы адамға қаратыпты.
Бірін еркек, біреуін әйел қылып,
Екеуінен көп жанды таратыпты.

Құдай неге қылмаған адамды тақ,
Балаларын өзінен өстіріп-ақ.
Хауа Ананы жаратуда мақсұты не?
Сол арасын білуге ақылым шақ.

- Ей, Қалқаман, тегі жоқ құдай жалғыз,
Мұқтаж емес жолдасқа, тіпті армансыз.
Адамзатқа көмексіз, махаббатсыз
Өмір қызық дегенді естен қалғыз.

Жоқ болса махаббатты бір сүйгенің,
Ойлашы, керегі не дүниенің.
«Сүйсін, жолдас болсын» деп жаратты Алла,
Бұл туралы білгенім осы менің.

- Тауып айттың, Мамыржан, ұқтым жайын,
Сүйтсе-дағы тағы бір сөзім дайын.
Махаббатты жарым жоқ, жәрдемшім жоқ,
Өлейін бе, қайтейін, кімге айтайын?

3-оқушы. Мұхамеджан Сералин (1872-1920) қазақ халқының ХХ ғ.б. үлкен қоғам қайраткері, белгілі санаткері, көрнекті ақыны, танымал көсемсөзшісі. «Топ жарған» поэмасында Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілістің нақты шындығы көрініс тапты. Қазақтың алғашқы журналисі. «Айқап» журналын шығарудағы еңбегі. Ел тағдыры, жерді игеру, отырықшылану, білім алу, қала салу идеяларын насихаттау ерекшеліктері.
4-оқушы. Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893-1920)«Айқап» журналындағы қызметінің ақындығына әсер етуі. Бұл кезеңдегі өлеңдерінде («Оқып жүрген жастарға», «Талиптарға», «Оқудағы мақсат не», т.б.) мақсаткерліктің басым болуы. «Кім жазықты» романы. Романдағы әлеуметтік теңсіздік шындығы және қазақ қоғамының күрделі мәселелері кең түрде алға тартылып, суреткерлікпен көрсетілуі.
5-оқушы. Сәбит Дөнентаев (1894-1933) шығармалары ағартушылық, демократтық бағытта жазды. Сәбиттің өлеңдерінде қозғалған тақырыптар қазақ еңбекшілерінің тұрмыс-тіршілігінің бейнеленуі. Халыққа білім беру, сауатсыздықты жою, үлгілі мәдениетке шақыру идеясында бірқатар өлеңдер жазғаны. Ел ішіндегі келеңсіз жағдайларды, адамдар арасындағы қарым-қатынас, мінез-құлық көріністеріндегі келеңсіздіктерді сынға алуы. «Заман кімдікі», «Менің жайым», т.б. Абай дәстүрінен үйренуі. «Уақ-түйек» жинағы.
Мысал өлеңдері – «Бозторғай», «Ыбылыс пен шайтан», «Ауырған арыстан», т.б. Өлеңдеріндегі ой тереңдігі. «Қыл», «Ой» шығармалары.

ІІІ-топ тапсырмалары

1-оқушы. Ахмет Байтұрсыновтың (1873-1938) аса көрнекті қоғам қайраткері, саңлақ санаткер, ірі ғалым-лигвист екені. Ахмет өміріндегі «Қазақ» газетінің орны. «Қазақ» газетінің бас жазушысы ретіндегі саяси-әлеуметтік, мәдени-ағарту, әдебиет пен өнер жайлы жазған мақаларының құндылығы.«Маса» жинағындағы халықты ояту идеясы. Аударма саласындағы шығармашылығы. «Қырық мысал» жинағы.
Тұңғыш теориялық еңбектің дүниеге келуі. Әдебиеттің теориясын жасаудағы жаңалығы.Ахмет Байтұрсыновтың қазақ әдебиеті ғылымындағы әдебиеттануды қалыптастырушы ғалым ретіндегі орны. «Әдебиет танытқыш» атты кітабының (1926) бұл саладағы тұңғыш еңбек екені. Зерттеу еңбектегі әдебиеттанудың ғылыми-теориялық бастауын жасап, басты-басты атаулар мен ұғымдардың терминдік негізін ғылыми жүйеге түсірудегі ізденістері.
2-оқушы.Міржақып Дулатовтың (1885-1935) ХХ ғасыр бас кезіндегі ірі азаматтық тұлға. «Оян, қазақ» жинағында отарлық езгіге, қараңғы марғаулыққа қарсы күреске шақыру, халықты ояту идеясын ашық көтере білді. Проза жанрындағы «Бақытсыз Жамал» роман тақырыбының өз заманының көкейкесті мәселесіне арналды.
3-оқушы.Жүсіпбек Аймауытовтың (1889-1931) өмір жолы, қоғамдық-саяси, ғылыми-педагогтік және әдеби қызметі. Мәдени өмірге, әдебиетке сіңірген еңбегінің ұзақ жылдар бойы жөнсіз бұрмалануы. Ж.Аймауытовтың қоғамдық-саяси, ғылыми-педагогикалық және әдеби қызметі жөніндегі тарихи шындықтың қалпына келтірілуі.«Қарт Қожа», «Ақбілек» романдарымен «Күнікейдің жазығы» повесі.
4-оқушы. Мағжан Жұмабаевтың (1893-1938). Абайдан кейінгі қазақтың ұлы ақыны екені. Ұзақ уақыт ақын шығармашылығына біржақты көзқарастың болуы. Мұның басты себебі Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов негізін қалаған азатшыл бағыттан айнымауы болып табылатыны, 20 жылдардағы әдеби айтыстарда өзіндік бағыт ұстануы.М.Жұмабаевтың сезімнің сыршыл суреткері, лирик ақын екені. Европа әдебиетіндегі ағымдардың ерекшелігін («символизм», т.б.) қазақ әдебиетіне алғашқылардың бірі болып ендіруі. Ақынның махаббат, сезім тақырыптарына жазылған өлеңдеріндегі суреткерлік шеберлігі («Сүй, жан сәулем», «Сен сұлу», «Жұлдызды – жүзік, айды – алқа ғып берейін», «Шолпан», т.б.).
5-оқушы
Қазағым
Қазағым, таянды ғой қылта мойын,
Жер, мал кетіп, бос қалды біздің қойын.
Қарашы өзіңе-өзің көз жүгіртіп,
Жаратпас бұдан былай күлкі-ойын.
Жетті енді қам жер мезгіл, жатпа бекер,
Ойламай келешекті түпке жетер.

“Мен жастарға сенемін” өлеңі
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай күшті қанатты —
Мен жастарға сенемін!

Көздерінде от ойнар,
Сөздерінде жалын бар.
Жаннан қымбат оларға ар,
Мен жастарға сенемін!

Жас қырандар — балапан,
Жайып қанат, ұмтылған.
Көздегені көк аспан,
Мен жастарға сенемін!

5-оқушы.Бернияз Күлеев (1899-1923) Жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі ірі тұлғалардың бірі – Б.Күлеев. Ол романтикалық, реалистік бағыттарда жазған. Бейнелеу тәсілі ретінде астарлау, тұспалдау, перделеу, символдарды аса шебер пайдаланған. Оның өлеңдерін М.Жұмабаев лирикаға толы таңғажайып өлеңдер ретінде айтады. Б.Күлеев шығармашылығы ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті тарихында айрықша орын алуға тиісті.

6-оқушы.Бейімбет Майлин (1894-1938)творчестволық өмірбаяны. Алғашқы өлеңдері.Оның поэзиясындағы еңбек адамының бейнесі. Мырқымбай образы.
Бейімбеттің прозалық шығармалары. «Шұғаның белгісі» (1926) повесі. Оның тақырыбы мен идеясы, тіл көркемдігі. Шығарманың сюжеті мен композициясы.
Жазушының повестері - «Он бес үй», «Қырманда», әңгімелері - «Колхоз қорасында», «Арыстанбайдың Мұқышы» көрініс тапқан өмір құбылыстары.


7-оқушы. Сәкен Сейфуллин (1894-1938).).творчестволық өмірбаяны. Ақынның алғашқы өлеңдері («Жазғы түнде», «Туған ел», «Сағыну», «Нұра», «Кім басшы», «Жайл ауда», т.б.). «Асау тұлпар» атты өлеңдер жинағы (1922).
Лирикалық өлеңдері («Сағындым», «Тау ішінде», «Тұлпарым», «Шәйіт болған досыма», «Сыр сандық», «Ақсақ киік», т.б.). Ақын поэмаларындағы өршіл романтика сарыны («Аққудың айрылуы»). Сәкеннің қазақ поэзиясына жаңа ырғақ, соны ұйқастар әкелуі. «Көкшетау» (1929). Ақын поэмаларына негіз болған өмірлік материалдар. Ақынның халық аңызы желілеріне негіздеп жазған шығармалары, олардың жанрлық сипаты, стильдік беті.
Жазушының прозалық шығармалары. «Тар жол, тайғақ кешу» атты мемуарлық романы (1927).
8-оқушы.Ілияс Жансүгіров (1894-1938) творчествосы. Алғашқы өлеңдері. Қазақ поэзиясында сюжетті поэма жанрының дамуына Ілиястың әсері, қосқан зор үлесі («Кәнпеске», «Күй», «Дала», «Күйші», «Құлагер» поэмалары). Ақын поэмаларының тақырыбы, сюжеті, композициясы., тілі. Ақынның образ жасау, мінез даярлау шеберлігі.Прозалық шығармалары. «Жолдастар» романы. Романдағы қазақ аулының революция алдындағы өмірі.Драмалық шығармалары «Кек», «Турксиб», «Исатай-Махамбет» атты пьесалары. Сауық кештерге, мектеп балаларына арнап жазған «Мектеп», «Колхоз тойы», «Мін де шап» атты бір актілі пьесалары.
9-оқушы.ХХ ғасырдағы қазақ романы - әдебиетіміздің үлкен табысы, классикалық үлгідегі шынайы көркем туындылар. Қазақ романы тақыр жерде, бір күнде пайда болған жоқ. Ол халықтың баяндау, әңгімелеу дәстүрінің бай үлгілері негізінде қалыптасқан. Ел өмірінің шынайы суреттерін бейнелеп, қоғамның әлеуметтік өмірінің әр қырынан сыр шертетін бұл шығармалар, әдебиет тарихынан лайықты орын алған туындылар деуге әбден негіз бар. М. Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» (1910), Ж. Аймауытовтың «Қартқожа», «Ақбілек» (1926-1928ж.ж.) романдары –осы жанрдың жарқын үлгісі. Әдебиетіміздің кейінгі дәуірлердегі өркендеуіне жол көрсеткен, көркем прозаның дамуына өз дәрежесінде ықпал жасай білген, халықтың мәдени өміріндегі оң өзгерістердің алдыңғы сапында болған қаламгерлер шығармашылығының маңызы өте зор болды.


әдебиет


2 ағымның айырмашылығына тоқталу.



1. Жоғарыда аталған жазушылардың қайсысының шығармасы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін қамтиды? Нақты мысалдар арқылы дәлелдер келтіру.
2. Қайсысының шығармасында Кеңес өкіметінің орнауы сипатталады?
3.Сіздер қалай ойлайсыздар, неге әдебиеттегі екі ағымның өкілдері де бірдей саяси қуғын-сүргінге ұшырады?
4.Ақын-жазушылардың саяси қуғын-сүргінге ұшырауы қазақ халқының санасына кері әсер ете алды ма?

«Концептуалдық кесте» стратегиясы
Ақын-жазушылар Шығармалары
А.Байтұрсынов
Б. Майлин
Ж. Аймауытов
С. Мұқанов
Ғ. Мұстафин
М. Жұмабаев

С. Сейфуллин
І. Жансүгіров
Ғ. Мүсірепов
«Маса», «Әдебиет танытқыш»,т.б.
«Азамат Азаматыч», «Жалбыр», т.б.
«Қартқожа», «Мансапқорлар», «Ел қорғаны» т.б.
«Жұмбақ жалау», «Сұлушаш» т.б.
«Өмір мен өлім» т.б.
«Шолпан», «Батыр Баян», «Ертегі», «Қойлыбайдың қобызы», «Жүсіпхан» т.б.
«Көкшетау», «Тар жол, тайғақ кешу», т.б.
«Құлагер», т.б.
«Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» т.б.

"АЛАШОРДА" Деректі фильмінің трейлері
«Автор орындығы» стратегиясы арқылы тексеру. 1,2 оқушы шығып өз эссесін оқиды, 1 пікір, 1 сұрақ қою керек.
Сарсенбаева Альбина:
Қай ақын болмасын өз дәуірінің перзенті, өз заманының жемісі. Шәкәрім де сондай. Күрделі тарихи кезеңде ғұмыр кешті. Туған халқының басындағы экономикалық және рухани , мәдени ауртпалықтарды ,заман мәселерін көзімен көрді, көңілімен саралады. Өз жұртының жағдайын өте жақсы түсінді. Сондықтан да ол заманның шындығын , әлеуметтік-қоғамдық мәселерді тануда және өз шығармашылығы арқылы көтеруде асқан шеберлік танытты. Тұтастай алғанда Шәкәрімнің әдеби мұрасы -аса бай қазына. Ол әдебиеттің барлық жанрында қалам тербеді. Халқымыздың мәдени мұражайында тілі негізінде ғажайып сұлу, мазмұны терең, кестесі көркем лирикалық өлеңдер қалдырды. Өлеңдерінде Шәкәрім ар тазалығы, имандылық, адамгершілік мәселелерін көтереді. Ақынның өлеңдерінің тақырыптық диапазоны аса кең.
Кемаладдинова Айдана:
Өлең жазып жүрген талапкерлердің бәрін бірдей ақын дей алмаймыз. «Өлеңге әркімнің - ақ бар таласы, сонда да солардың бар таңдамасы», - дейді Абай. «Жүзден жүйрік шығады, мыңнан - тұлпар», - дейді халық даналығы. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан нағыз ақындар тарихта сирек кездеседі. Сондай сирек кездесетін, нағыз табиғи
дарынды қазақ ақындарының бірі - Мағжан Жұмабаев.
Мағжан таудай талантымен қоса жан - жақты терең білімді, жоғары мәдениетті, адамгершілігі зор, жаны таза, биік арлы, өнегелі интеллигент болған.
«Мен сүйемін»өлеңінен үзінді
Жүрген ескі заңымен,
Алдындағы малымен
Бірге жусап, бірге өрген,
Алаш деген елім бар.
Неге екенін білмеймін,
Сол елімді сүйемін.
Сағым сайран кұрады,
Бораны ұлып тұрады,
Қыс – ақ кебін, жаз – сары.
Орманы жоқ, шуы жоқ,
Тауы да жоқ, суы жоқ,
Мәңгі өлік сахарасы,
Сарыарқа деген жерім бар.
Неге екенін білмеймін,
Сол Арқамды сүйемін! –
деп, өзінің туған елі мен жеріне деген перзенттік сүйіспеншілігін жайып салады.
Қорытынды. Әдебиетті бүгінгі тәуелсіздік талаптары тұрғысынан жаңаша бағалап, оның түпкі тегі болып табылатын бастауларына ғылыми таным сәулесін түсіру мәселелері жан-жақты қарастырылды. Қазіргі жастар Қазақ әдебиетінің негізін қалап кеткен ағаларымыздың асыл мұрасын дәріптей білуіміз қажет. Осы тұста өз сөзімді М.Жұмабаевтың сөзімен қорытындылайын:
“Мен жастарға сенемін” өлеңі
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай күшті қанатты —
Мен жастарға сенемін!

Көздерінде от ойнар,
Сөздерінде жалын бар.
Жаннан қымбат оларға ар,
Мен жастарға сенемін!

Жас қырандар — балапан,
Жайып қанат, ұмтылған.
Көздегені көк аспан,
Мен жастарға сенемін!

Бағалау.
Үйге тапсырма.§24
Категория: История | Добавил: sabira (25.03.2016) | Автор: Жассахова Жулдыз E
Просмотров: 3241 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]