Главная » Статьи » Казахский язык и литература |
орыс тілінде оқытылатын мектепте қазақ әдебиетін оқытудың проблемалары және оларды шешу жолдары
Орыс тілінде оқытылатын мектепте қазақ әдебиетін оқытудың проблемалары және оларды шешу жолдары. Қазіргі уақытта орыс тілінде оқытылатын мектепте қазақ әдебиетін оқыту проблемалары - өзекті мәселе. Қиыншылықтар, атап айтқанда: біріншіден туындыларды оқытуға шектеулі уақыт бөлінеді (аптасына 1 сағат), екіншіден әдеби туындылар түпнұсқада оқытылады және қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі орыс мектебінде сабақты 80-100% мемлекеттік тілде жүргізуді талап етеді. Сонымен қатар, оқушылардың интернет және компьютерлік технологиялар әлемінде жүріп көркем әдебиеттерді ана тілінде де, мемлекеттік тілде де мүлдем оқымауы да - проблема болып табылады. Мұғалімнің алдында - осы проблемаларды ескере отырып, орыс мектебінде қазақ әдебиетін оқытудың жаңа тиімді әдістерін табу міндеті тұр. Осындай әдістемелердің бірі - сын тұрғысынан ойлау әдісі. Тәжірибеде осы әдістемені қолдану орынды екені дәлелденген. Сын тұрғысынан ойлау әдістеріне: венн-диаграммасы, синквейн, кластер, миға шабуыл және т.б. жатады. С. Сейфуллиннің «Аққулардың айырылуы» поэмасын талдауда " миға шабуыл " әдісі қолданылады. (Аққулар туралы не білесіңдер? Әлемнің әр елдері үшін аққу қандай құс болып табылады? «Аққу адалдығы» сөзін қалай түсінесіңдер?) Ары қарай С. Сейфуллиннің «Аққулар туралы» мақаласының жолдарынан сілтеме келтіріледі. Сабақтың бұл кезеңі осы поэманы оқу үшін оқушылардың көңіл-күйін реттеуге мүмкіндік береді. Сөздік жұмысын жүргізген кезде «аққу» сөзімен байланыс қатары пайдаланылады. Осы жұмысты жүргізу үшін балаларға аққу кілт сөзі беріледі және 2 сын есім, 3 етістік, 4 сөзден тұратын 1 сөйлем және 1 жалпылауыш сөз - зат есім табу тапсырмасы беріледі. Оқушылардың беретін жауаптары келесі үлгіде болуы керек: 1. аққу 2. сұлу, адал 3. жақсы көру, ұшу, сену 4. аққу – бұл қасиетті құс 5. махаббат Сөздік жұмысын жүргізу кезінде бұл әдіс дәстүрлі емес болып табылып, оқушылардың пәнге қызығушылығын арттырады, олардың сөздік қорын байытады, оқуға уәждемелерін артады. Қазақ әдебиетін оқыту кезінде туындыларды салыстыра талдаудың маңызы аз емес. Ол орыс пен қазақ әдебиетін салыстыруға мүмкіндік береді, бұл материалдарды меңгеруді жеңілдетеді. Ұлттық мәдениеттердің көптеген айырмашылықтарына қарамастан, ауызша халық шығармашылығында да, әдеби шығармашылықта да орыс және қазақ халқының ақындары мен жазушыларының ортақ ерекшеліктері бар. Бұл жағдайда салыстырып талдау кезінде венн-диаграммасын қолдану орынды. «Батырлар эпосы» тақырыбын оқу кезінде венн-диаграммасы түрінде орыс батырлар жырымен салыстырып талдау жүргізіледі. Оқушылар уақыттың көп бөлігін туындыны оқуға қалдырып, туындының кейіпкерлері мен жанр тақырыбын еш қиындықсыз анықтайды. Оқу процесін үйлесімділеу үшін ақын мен жазушылардың өмірбаяндары мен шығармаларынан алынған негізгі кезеңдер мен туындының қысқаша талдауынан ж/е т.б. тұратын қысқаша мәтінді қолдану дұрыс. Ол мынандай үлгіде болуы қажет: Тақырып: А. Байтұрсынов. Түін сөз: қазақ тіл білімінің негізін қалаушы, қазақ алфавитінің, қазақ әліппесінің бірінші авторы, «Қазақ» газетінің редакторы, «Алаш Орда» партиясының жетекшісі, «40 мысал» мысалдар жинағы, «Маса» өлеңдер жинағы. Туған жылы- Алған атағы- Қызметі - Шығармашылығы - Біз оқитын шығарма- Тақырыбы- Кейіпкерлері- Идеясы- Сюжеті- Туындыны оқытудың шектеулі уақытында озық шыққан тапсырмаларды беру үлкен рөл атқарады. Бұл сюжетті суреттер, кітапша-картиналар, рефераттар, жатқа оқу және т.б. болуы мүмкін. Бұлар оқушылардың білімдерін жүйелеуге, балаларды шығармашылық іс-әрекетке бағыттауға мүмкіндік береді. Сонымен, жоғарыда аталған әдістерді қолдану мектептің әдебиет курсында бұл пәнді оқытуда зор күш-қуат пен мүмкіндікті пайдалануға, әлемдік өркениетте маңызды орын алатын көшпенділер әлемін ашуға, өсіп келе жатқан ұрпақтарды қазақ халқының дәстүріне, тұрмысына, мәдениетіне тартуға, қазақ тілінің мәртебесін арттыруға көмектеседі. | |
Просмотров: 998 | |
Всего комментариев: 0 | |